Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауыз су бағдарламасына құйылып жатқан қаржы «Бермуд үшбұрышына» тамшылап жатқан сияқты...

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2019
  • 5274

 Ауыз су проблемасы Нұр-Сұлтанның өзінде бар. Сенат депутаты Дулат Құсдәулетов премьер-министрге сауал жолдады. Мысалы, Көкарал, Бәйшешек, Көкжелек көшелеріндегі колонкаларды түгел алып тастаған. Алайда «Астана су арнасы» кәсіпорны ол көшелердегі үйлерді орталық су құбырына қоса алмай отыр. Себебі су құбыры ескірген, жарылып кетуі мүмкін. Мұндай көрініс орталықтағы Жангелдин көшесінің бойында, сондай-ақ, Агроқалашық ауданы, Көктал мекенінде де бар. Заңсыз көлік жуатын орын ашып алғандардың су ұрлауын тыю үшін колонкаларды алып тастасаңыздар, адамдарды күнделікті ішетін сумен 100 процент қамтамасыз етіңіздер!, деді депутат. Сорақысы, орталық су жүйесіне қосылмаған үйлерге соттасып жүріп ақы төлеткізеді екен. Ал қала маңындағы Талапкер, Қоянды, Жібек жолы кенттерінің тұрғындары әбден шаршаған. Рас, Нұр-Сұлтаннан 9-ақ шақырым жерде тұратындар 19-ғасырдың аяғында өмір сүріп жатқандай. Су жоқ. «Техникалық» деп аталатын суға жету де оңай емес - көше бойы балшық, судан көрінбейтін шұңқыр. «Құлап өлсек, ажал дер»,- деп ащы әзілдейді... Ақерке Бектастың репортажы. 

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:

Бұл – ешқандай көл емес,елорда іргесіндегі Талапкер ауылының Ырғыз көшесі. Әнеу бір жеріне барып, толарсақтан саз кешсеңіз, 2 метрлік шұңқырға құлап, ажал құшуыңыз мүмкін. Құдай сақтасын! Көлшіктің бетінен көрінбейді. Мұнда жауаптылар жаңадан тегіс жол төсеп береміз деп былтыр қазып, тастап кеткен. Қыс бойы көліктер қарға батты. Көктем басталғалы халықтың көрген күні осы...

Баймүңкі ДҮРІМБАЙ, ТАЛАПКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен 2005-тен бері тұрамын. Бұрын саз болған бұл көше. Одан кейін өз күшімізбен көшеге тас төсеп, жөндеп алған едік. Оны қопарып алып тастады. Жаңадан жол салынады деді. Мұндай болатынын білгенде сол жаңа жолды салмай-ақ қойғаны жақсы еді.

Бұл көшенің бас жағында тұратын адамдар көлігін Баймүңкі Дүрімбайдың ауласына қалдырады. Өйткені ары қарай баратын жол жоқ. Батпаққа батса да, жаяу қайтуға мәжбүр. Тіпті ауыл орталығынан тасып ішетін суды да бөтелке арқалап, осы ми батпақ жолмен әкеледі.

Асия ШҰҒЫРМАҚОВА, ТАЛАПКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

У меня грудной ребенок и 2 школьников маленьких. С ними иду. Вот здесь есть яма, двухметровая глубина. А смотрится так же, как вот этот вода. А тут дорога. И если кто-то упадет, потом скажут «ажал».

Нұр-Сұлтан маңындағы бұл ауылдың ауыз судан таршылық көріп отырғанына да талай жыл болды. Бірақ мәселе сол күйі шешілмей келеді. Мұндағы халық ішетін суды орталықтағы құдықтан тасиды. Оның өзі кешкі 5-ке дейін ғана жұмыс істейді. Бұған қоса судың сапасы да нашар болып шыққан.

Дәуітқали СЕЙТҚАЗИНОВ, ТАЛАПКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Аурудың бәрі судан басталады. Ауа, су. Су бар жерде, ну бар дейді. Суы жоқ жерде түк жоқ. Ауа мен су таза болмаған соң, адам оңбайды. Оны мал да ішпейді.

Дулат АҒАДІЛ, ТАЛАПКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Міне су ішкен ыдыстар мынадай болып көгеріп кетеді. Мұны енді қалай ішуге болады?! Көгеріп кеткен. 2-3 күн тұрса, судың түрі осылай болып кетеді.

Кенжеболат ҚҰТТЫМБЕТОВ, ТАЛАПКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Техническая питьевая деген су. Қазақстан бойынша жоқ су бізден шығып жатыр. Ол су ішуге келмейді. Химикаттары көп. Менің анализдерім де бар.

Талапкердегі ауыз су сапасының күдікті екенін сенатор Дулат Құсдәулетов те айтқан. Қыстың суығы мен жаздың ыстығында өз бетінше әрекет етіп, арбамен су таситын тұрғындар барын да жеткізген.

Дулат ҚҰСДӘУЛЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Ол жақтың тұрғындары құдықтарды өз бетінше қазып алады. Болмаса жекеменшіктен сапасы күмәнді суды сатып алады. Елдің шалғай ауылдарындағы және өңірлердегі жағдай бұдан да нашар.

Ал Целиноград ауданы әкімдігінің ауылға су құбырын тарту үшін жасаған жобалық-сметалық құжаты бірнеше рет сараптамадан өтпей қалған. Тек былтырғы жылдың аяғында ғана Астраханнан ауыз су тартуға арналған жоба оң шешімін тауыпты. Бірақ оның өзін жасаудың машақаты көп болған соң әзірге ауылға 4 блок құбыр орнаттық, деп бақты.

Қанат АҒЗАМҰЛЫ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жобалық сметалық құжат жарты жыл бұрын ғана қолға берілді. Құбырдан бөлек, станция құрылысы бар, бұның тағы бірнеше мәселесі бар. Жалпы 2021 жылға қарай су құбыры тартылып бітетін шығар деп үміттенеміз.

Талапкерге ауыз су тартуға ел қазынасынан 2 млрд теңге қарастырылып отыр. Биыл оның 500 млн теңгесі бөлінген. Қалған қаражат кезең-кезеңімен берілмек. Елді мекенге су құбырын тарту үшін ақша 2021 жылға дейін қарастырылады.

Демек бұл елді мекенге таза су жақында келмейді. Бастысы бөлінген миллиардтар Сенат спикері Дариға Назарбаева айтпақшы «Бермуд үштағаны» секілді жұмбақ жағдайда жоғалып кетпесе игі. Ол еліміздегі ауыз су бағдарламасына осы күнге дейін жарты триллионға дейін ақша бөлінгенін, проблеманың көбесі сөгілетін түрі көрінбейтініне қарап, Бермуд үшбұрышына тамшылап жатқан жоқ па, осы, деген.

Айнұр КЕНЖЕҒАЛИҚЫЗЫ, ТАЛАПКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көп ешнәрсе сұрап тұрған жоқпыз. Талапкердегі 24 мың халықтың жағдайын қарасын деп тұрмыз. Біздерге жол керек, су керек. Басқасының керегі жоқ. Халықтың жағдайын ойласын кішкене. Астананың түбінде тұрып, біздің жағдайымыз өте нашар.

Дулат АҒАДІЛ, ТАЛАПКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

9 шақырым жерде тұрамыз астанадан бір 19-шы ғасырдың аяғында тұрып жатқандай өмір сүріп жатырмыз. Свет болмай қалады. Инвалид адамдар бар, зейнеткерлер бар оларға қысы-жазы арбамен су тасу деген оңай емес. Үйінде бала-шағасы жоқ, жұмыста болады.

Мұндағы халықтың сұрайтыны көп емес. Тек ішетін суы сапалы, баратын жолы тегіс болса дейді... 21 ғасырда ауыл ішін арбамен кезіп, бөшкелеп су тасып жүргенге ызасы келеді. Біздің уақытта Бас қаланың іргесінде тұрып 19 ғасырда өмір сүргендей күй кешкісі келмейді. Жанайқайы осы ғана...

Ақерке Бектас, Батыр Бесбаев «Біздің уақыт»