Русский Сайттың толық нұсқасы

Жеңісті жақындатқандар. Оралдық Меңжан ақсақал біздің уақыттың қадірін білуге үндейді

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2019
  • 4892

Жеңісті жақындатқандар. Бұғанасы қатпастан Отан қорғауға аттанғандардың бірі - Меңжан Әбдірахманов. Бүгінде жасы тоқсанның екеуіне келген ақсақал он баласынан жиырма немере, жиырмаға тарта шөбере сүйіп отыр. Қарт жауынгер біздің уақытты адамзат тарихындағы ең бақытты кезең санайды. Өйткені дейді, адамдардың жер шарын түгел шарпыған жаһан соғысынсыз ғұмыр кешкеніне 74 жыл.  

Меңжан ӘБДІРАХМАНОВ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: 

17 жасымда соғысқа алып кетті ,9 класты бітіргеннен кейін. Өгіз жегіп, сабан айдадым соғысқа кеткенше. Дұрыс киім болған жоқ. Соғысқа кетерде 17 жасымызда Жымпитыдан біз жаяу келдік 150 шақырым Оралға. Маған сонда жолазыққа бергені - ячмень! Ячменьнің не екенін қазіргі балалар білмейді! Мен госпитальде жатқанда айтам ғой: «Бізге жолазыққа бергені ячмень» десем, «ол не? Фрукты ма?»,- дейді. Мен айтам: «Хренукты ол! Қайдағы фрукты?! Біздің фруктымыз капуста мен қарбыз! Басқа шайтан да білмейміз.

Майдан даласында жеті жыл от кешкен жауынгер екі соғысқа қатысқан. Неміс басқыншыларын тізе бүктіргесін, көмейінен ажал оғын бүріккен әйгілі «Катюшасымен» бірге совет-жапон соғысына жіберіліпті... 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысады. Кейін 1950 жылы елге оралып, ішкі істер органдарында қызмет етті. Отбасы ғана емес, Отанының амандығын тілеген ардагердің сонау соғыс даласынан бері келе жатқан бір өкініші бар. Жауынгерлерді әскери құрамаларға іріктегенде кездейсоқ танысып, жерлес болып шыққан қазақ командир: «балам, мына бөлімде өлімнен екі қадам кейін жүресің» деп Катюша жүргізушілерінің қатарына қосқан екен. Ажал оғының шарпымауына шарапаты тиген сол қорғаушысының есім-сойын сұрап алмағанына қарт жауынгер әлі күнге өкінеді. 

Меңжан ӘБДІРАХМАНОВ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: 

Киіндіргенде өлген солдаттардың киімдерін берді. Ондағы көрген қорлығымыздың айтатын шегі жоқ. Қыс бойы казарманы жағуға, столовойды жылытуға отын тасыдық! Білдің бе? Өзіміз ат сияқты жегіліп, екеуміз 7-8 шақырым жердегі орманнан отын тасыдық. Ол өте қиын болды, суық болды, тамақ жағы нашар болды. Білдіңіз бе? Содан жігіттердің бірқатары ауырып госпитальге жатып қалды. Енді 17-18 дегі жігіттер ғой...

Фашистерді, нацистерді тізе бүктіруге ата-бабаларымыздың атсалысқанына біз мақтануымыз керек. Ендігі «ми майданында» дүниенің кілті – білімде екенін ұға бастағандаймыз. Ар жағы қоғамдық пайымға және талап ететін мінезге ұласып, бұрынғыша болмайтынын ұғуы тиіс тағы бір жақтың санасына байланысты...