Русский Сайттың толық нұсқасы

ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақтарда қоғамдық штабы құрылды

  • AstanaTV
  • 06 мамыр 2019
  • 6798

Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердегі сайлау алды штабы еліміздің өзге аймақтарында да ашылып жатыр. «Nur Otan» партиясының аймақтардағы филиалдары алдағы саяси науқанға сақадай сай. Билік партиясының өкілдері осылай деп мәлімдеді. Оның құрамына танымал өнер адамдары, жастар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері де мүшелікке кірген.  

«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалында, алдағы президент сайлауына дайындық қыза түскен. Штабқа 86 адам мүше. Айта кетейін,11-мамырдан іске кірісетін штабта 43 мобильдік үгіт тобы жұмысын бастайды.  

Дария ҚОЖАМЖАРОВА, ШТАБ МҮШЕСІ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚМУ РЕКТОРЫ: 

«Nur Otan» партиясының алдына қойып отырған мақсат жастардың болашаққа деген сенімін арттыру, «Nur Otan»-ға деген сенімін арттыру. Еліміздің билігінің легитимдігі екендігіне сенім артыру болып табылады. Сондықтан да біз нұротандықтар бұл Елбасының, Тұңғыш Президенттің жүргізіп отырған саясатын, қазіргі таңда «Nur Otan» партиясының белді саясаткерінің саясаты мақұлдаймыз және оны қолдаймыз.

Павлодарда ашылған қоғамдық штаб екі мақсатта жұмыс істеуді көздеп отыр. Бірі аппарат жұмысын үйлестірсе, өзгесі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Бұл үшін аймақтың белсенді азаматтарынан құралған 1 мың 199 сенімді тұлға тіркелген. Олар кандидаттың аудан-қалалардағы жұмысын атқаруға көмектеспек.    

Алтынбек НҰХҰЛЫ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ШТАБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Біздің негізгі мәселеміз қазіргі ұсынылып отырған кандидатымызға сол кісінің елге сіңіріп жатқан еңбегі бұрыннан сіңірген еңбектерін және қазір алдына қойылатын негізгі бағдарламасын халыққа жеткізе біліп, дұрыс насихаттай білу.

Кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жұмысына жамбылдықтар да кірісіп кеткен. Бүгінде «Nur Otan»-ның облыстық филиалында 70 мың мүшесі бар. Қазір солардың қатарынан саяси науқанда жұмыс жасайтын мыңға жуық сенімді өкіл таңдап алыныпты.   

Шәбден ТІЛЕУМҰРАТ, ШТАБ ТӨРАҒАСЫ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Сенімді өкілдеріміз олар жер-жерде халықпен жұмыс істейтін болады. Облыс бойынша әр сайлау учаскесіне екі-екі сенімді өкілден сайлаған кезде, бүгінгі күнге 968 сенімді өкіл бекітіліп, олардың тиісті куәліктері берілді.

Ал Ақтөбедегі нұротандықтар сайлауға қатысушы жастардың үлесін арттыруды көздепті. Науқан кезінде штаб өз жұмысыннан бөлек, әлеуметтік желіге де басымдық беретін болады. Айта кетерлігі, өңірде 13 жергілікті штаб құрылып, онда бес жүзден астам адам қызмет қылмақ.   

Сәния ҚАЛДЫҒҰЛОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ШТАБЫНЫҢ БАСШЫСЫ:  

Осы жолы сайлау науқанына жастарды кеңінен тарту мақсатында біз алғаш рет штаб жанынан жастар қанатын аштық. Сонымен бірге тұрғындардың ұсыныстары мен сұрақтарын қабылдайтын арнайы қоғамдық қабылдау жұмыс жасайтын болады.

Шығыс қазақстандықтар да сайлау алды үгіт тобының негізгі міндеттерін талқылады. Штабтың алғашқы отырысында оған мүшелікке кіргендер алдағы күндері облыс жұртшылығымен жүздесіп, халықтың күрмеулі мәселелерді шешуге де көмектесетіндерін жеткізді.  

А. Төребекқызы