Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда пәтер иелері кооперативі өкілдері жаңартылған ереженің кей тұстарымен келіспейді

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2017
  • 3725

Алматыда "Тұрғын үй қорын ұстаудың жаңартылған ережесі" ПИК жұмысын жандандыра ала ма? Жоба авторлары оның мүмкіндіктері көп, әрі жылдар бойы талқыланған тоқтам десе,  ПИК басшыларының өз уәжі бар. Осы аптаның басында күшіне енген ереже жайлы әріптесім Олжас Нұржақып зерттеп көрді.

Ерлан Бисенбаев "Самал" пәтер иелері кооперативін 7 жылдан бері басқарып келеді. Оның қарауында көппәтерлі 41 тұрғын үй бар. Сондықтан ол жергілікті биліктің "бір үй, бір жетекші" жобасына қарсы. Айтуынша, олай болған жағдайда, тұрғындардан түскен ақша ПИК төрағасы мен жұмысшылардан артылмайтын болады.

Ерлан Бисенбаев, «Самал» ПИК төрағасы:

Заң аясында ірі ПИК-тегі әр тұрғын үйге бір жетекшіден тағайындау жазылған. Мысалға, мендегі 41 үйді 41 жетекшілікке бөлеміз. Сонда, олар үйлеріндегі кемшіліктерді қандай қаржыға толтырады? Мысалға, біз 1940 пәтерден тұрғын үй қорына 25 теңге, күрделі жөндеуге 15 теңгеден бөлуді қарастырғанбыз. Ай сайын 2 миллион теңге жиналады. Осы қаржының 10 пайызы басшылық айлығы болса, 90 пайызы сол үйлердің кем-кетігіне жұмсалады. Ал енді әр үйге бір төраға болатын болса, үй қараусыз қалады. Сондықтан бұл ережеге толықтырулар енгізілгені дұрыс.

Ал «Алатау-1» пәтер иелері кооперативіне қарайтын тұрғындар болса, жаңа жобадан үмітті. Өйткені 17 жылдан бері өз жетекшісінің бір іс атқарғанын, тіпті тұрғындарға жиналыс өткізгенін көрмегендер бар.

Лидия Наушина, қала тұрғыны:

Шынын айтсам, ПИК жұмысына көңілім мүлде толмайды. 17 жыл болды шатырымызды ауыстырайық дегенімізге. Сметасы бар, көп қаражат қажет. Оны жинай алмаймыз дегенмен әлі келе жатырмыз. ПИК не тындырып жатыр, білмейміз. Әлі бір тұрғындармен жиналыс өткізбепті. 

Мәселенің мән-жайын тұрғын үй инспекциясынан сұрап көрдік.

Жандос Қайырханов, Алматы қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы:

ПИК жұмысының басты бақылаушысы тұрғындар болғандықтан, енді әр іс халықтың дауысына салынады. Бұған өз жұмысын жасырып келген тұрғын үй бақылаушылары қатты алаңдаулы. Бірақ ереже қабылданар бұрын барлық тараптың пікірі тыңдалды. Пәтер иелері кооперативі енді әр тоқсан сайын, жыл сайын халық алдында есеп берулері тиіс. Жұмысы сылбыр болса, дауысқа салып, ПИК жетекшілерін де, сервистік қызмет көрсететін ұйымдарды да ауыстыра алады. Сауалнама уақыты бұрын шексіз еді, қазір 45 күнге қысқартылды.

Олжас Нұржақып, тілші:

Алматыда 8 175 көпқабатты тұрғын үйге 824 пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді екен. Бірақ, тұрғын үй инпекциясы басшысының айтуынша, айтылған баспананың жартысына жуығы жөндеу көрмеген. Бұл өз жұмысына немқұрайлы қараған басқарма жетекшілерінің ісі. Олардың арасында тіпті құжатты дұрыс толтыруды білмейтіндері де бар, дейді әкімдік өкілдері. Сондықтан жаңартылған ережедегі басымдық біліктілерін іріктеп, білімсіздерін босатуды көздемек.

Олжас НҰРЖАҚЫП