Русский Сайттың толық нұсқасы

Сириядағы соғыста 27 адам опат болды

  • AstanaTV
  • 08 мамыр 2019
  • 3952

Сириядағы соғыста 27 адам опат болды. Мұны Біріккен ұлттар ұйымы хабарлады. Одан бөлек, қайта басталған қақтығыстар мен толассыз атыстардан қажыған 150 мыңнан астам адам Идлибтегі үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Халықаралық ұйым- ұрыстарда Башар Асад пен Ресей армиясының ұшақтары да барын хабарлап отыр. Ал Асадтың қарулы қарсыластары Сирия үкіметіне қарасты аумақтарға оқ жаудырып әлек. Евфраттың батыс жағындағы Идлиб провинциясы Асадтан тәуелсіз жалғыз жер. Бұл «Хайят Тахрир аш-Шам» тобының қорғаны. Былтыр күзде Ресей мен Түркия Асадтың әскері Идлибке шабуылдамайды деп келіскен. Өйткені онда 3 миллионға жуық бейбіт халық тұрады. Алайда ерте ме, кеш пе бұл территория сирия үкіметіне қарауы керек деп Дамаск пен Мәскеу бірнеше рет мәлімдеме жасаған.  

Равина ШАМДАСАНИ, БҰҰ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: 

Сәуірдің 29-нан бері онда 11 госпиталь мен басқа да медициналық мекемеде жарылыс жасалды. 27 адам қаза тауып, 31 тұрғын жарақат алды. Бұл біз білетін мәлімет қана. Әскери қақтығыстар қайтадан әйелдер мен балалардың көшіп-қонуына әкеліп отыр.

Д. Қайыртай