Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттікке үміткерлер сайлауалды бағдарламаларын жариялады

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2019
  • 7269

Елдегі саяси додаға жолдама алған кандидаттар үгіт-насихат жұүмыстарын бастап кетті. Олардың жақтастары Президенттікке үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Тілші толықтырады.  

Сабақтастық, әділдік, өрлеу! Президентікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы осы 3 принципке негізделген. Одан 170 міндеттеме тарайды. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тұғырнамасын республикалық қоғамдық штабта партияластарына ұсынды. Ол жиынға 17 аймақ тікелей қосылды. Кандидат елбасының стратегиялық бағдарын жалғастыратынын айтты. Барлық азаматтардың өмір сапасын жақсарту және табысын арттыруды көздеп отыр. Әділ қоғам орнатуға мүдделі. Және экономикалық өрлеу үшін бірқатар қадамдарға бармақ. Біріншіден артық шығындарды қысқарту, ШОБ көлемін 30 пайызға жеткізу, мемлекеттік сатып алу жүйесін ретке келтіру, жемқорлықты тию, тағысын тағы. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҮМІТКЕР:  

Сайлау алдындағы біздің басты ұстаным: Халықпен бірге биік белестерге ұмтыламыз. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр! Уақыт тығыз. Сондықтан, біз бірден қос бағытта жұмыс істейміз! Біріншіден, тұрғындарды мазалаған мәселелерді шұғыл шешу қажет. Көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын беру керек. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қатаң бақылауға аламыз!Екіншіден, еліміздің дамуындағы аса маңызды сұрақтар бойынша «билік - қоғам» диалогын ұйымдастырамыз.

Ал Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабы үгіт науқанын экологиялық акциядан бастады. Табиғатқа бей-жай қарамайтын және спортқа жаны құмар азаматтардың басын қосқан іс-шара «плоггинг» түрінде өтті. Бұл - жастарды қоқыс тазалауға қызықтыратын спорттық жарыс. Бұл жерде сайысқа қатысушылар мәре сызығын бірінші болып аттаумен қатар, қоқысты көбірек жинауға тырысулары қажет. Қос сыннан сүрінбей өткен бала жеңімпаз атанады. Бүгінде әлемге кеңінен тараған жарыс түрі Швециядан бастау алған. Экологиялық акцияға жастардан бөлек, орта буын өкілдері де қатысты. Табиғатты таза ұстау - парызымыз,- деген ұйымдастырушылар трендтегі іс-шара арқылы көпті қызықтырып отырғандарына сенімді.  

БАЗАРГҮЛ ҮМБЕТОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҮМІТКЕР С.ТҮГЕЛДІҢ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Біздің үміткер Сәбідек Түгел біздің жер ана - жанымыз, ана тілі - арымыз деп атап көрсетіп, ұлттық құндылықтарды басты орынға шығарады. Ата-бабаларымыз ұланғайыр жерді аманаттаған болса, сол жерді көздің қарашығындай сақтап, осы акцияны ұйымдастырып отырмыз.

Кәсіподақтар федарциясынан ел президенттігіне ұсынылған үміткер - Аманкелді Таспиховтың респбуликалық қоғамдық штабының өкілдері елордада онкологиялық орталық мамандарымен кездесті. Канидаттың сенімді өкілдері медицина саласы мамандарының мәртебесін көтеруде кәсіподақ ұйымының рөлі және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі ереже-талаптар туралы айтып берді. Өзгенің өміріне араша болу міндетімен жүріп, кейде өз денсаулығы сырт қалатын сала мамандарының бірі -дәрігерлер. Сондықтан президенттікке үміткер Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілдері онкология орталығы мамандарымен кездесуінде медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау мен еңбек заңнамасындағы өзгерістерге тоқталды. 

САТЫПАЛДЫ ДӘУІТАЛИН, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҮМІТКЕР А.ТАСПИХОВТЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ШТАБЫНЫҢ ТЕҢ ЖЕТЕКШІСІ:  

Бірінші мәселе жаңа айтып өткендей лайықты еңбекақысын қалыптастыру. Екінші мәселе - қолайлы жұмыс орындарын құру. Үшінші мәселе - қауіпсіз еңбек жағдайын жасау. Осы мәселереді бәрі тікелей осы медбикелерге, абзал жандарға тікелей байланысты. СКЛ Оның ішінде ұжымдық еңбек шарттарын құру. Қалай да еңбек шарттарын реттеу мәселелері. Сол үшін осы жерге кездесуге өзіміздің тұғарнамамызды жеткізейік деп келдік.

Жеке кәсіпкерлікті дамыту қажет, - деген тұңғыш әйел кандидат Дания Еспаеваның штабы Талдықорғандағы «Қайнар АКБ» аккумлятор зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын аккумлятор батареяларының 60 пайызға жуығын 20-ға жуық елге экспорттайды. Құрылғанына жарты ғасыр болғанымен, заман талабына сай жұмыс барысында заманауи технологияларды қолданады. Үгіт-насихат тобы ұжыммен кездесу барысында жекеменшік, мемлекеттік әріптестік пен орта және шағын бизнесті дамыту мәселелеріне де тоқталды.    

Азат ПЕРУШЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҮМІТКЕР Д.ЕСПАЕВАНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:   

Бұл мекеменің көрсеткіштері өте жақсы. Соңғы жылдары өнімін 11 есеге көтерді. Мемлекет тарапынан қолдау алып жатыр. Үкіметтен 2,5 млрд теңге қолдау алған. Бүгінгі күнге дейін төленген салық 3,5 млрд теңгеден асқан. 850-ден астам жұмыс орны ашылған. Бұл кішігірім қала тұрғындарына үлкен мүмкіндік. Бұл дамуды жалғастыратын болады. Бұл дегеніңіз салық, экспорт жағынан, мемлекет жағынан көмекті кеңейтуіміз керек.

Елдегі мал шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кешендер Қытай мен Ресейге ғана 5 млрд доллар көлеміндегі экспорттық мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарға тың серпін беріп, нақты шараларды қолға алу керек. «Ауыл» партиясы атынан президенттікке үмітті Төлеутай Рақымбековтың сайлауалды бағдарламасы осылай басталды. Бүгін оны Тараз қаласында республикалық қоғамдық штабының басшысы Әли Бектаев таныстырды. 4 бөлімнен тұратын тұғырнамада ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, отбасылық құндылықтарды сақтау және жастар саясатын жүйелеу сияқты бағыттар да қамтылған.  

ӘЛИ БЕКТАЕВ, «АУЫЛ» ХАЛЫҚТЫҚ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАТРИОТТЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:   

Біздің кандидаттың саулауалды бағдарлапмасындағы ең негізгі мәселе де осы. Ғылым мен өндірістің, одан кейін білім мен оқу жүйесімен өндірістің тікелей байланыста болуы. Тек қана теориямен балаларды сусуындыра алмаймыз. Алған білім арық арай өндіріске ену керек. Өндіріс даму керек.

Жамбыл Ахметбековтың Республикалық сайлауалды штабының белсенділері Көкшетау өңірінің ақ халаттыларымен кездесті. Медициналық қызметкерлердің жалақысын көтеру, зейнетақымен қамтамасыз ету, тұрғын үй мәселелері қозғалды. Ақмола облыстық ауруханасына барған «Халық коммунистері» фракциясының депутаты Владислав Косарев ақхалаттылармен кездесіп, аталған сауалдарға жауап берді. Емхана ұжымымен кездесуге Коммунистер партиясының Ақмола өңірлік комитетінің белсенділері де қатысты. Партия өкілдері мекеменің жабдықталуымен танысып, науқастармен тілдесті. «Халық коммунистері» емхана ұжымын партия жоспарымен таныстырды.  

ВЛАДИСЛАВ КОСАРЕВ, «ХАЛЫҚ КОММУНИСТЕРІ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: 

Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру үшін стационарлар мен аудандық ауруханаларды тезірек жабуға тырысады. Бұл дұрыс емес. Себебі тұрғындар өз аймағында дәрігерге барып, медициналық қызмет ала алатындай жағдай жасау керек. Аудандық ауруханалардың қызмет сапасын арттыру керек.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан президенттік сайлауға түсіп отырған Әміржан Қосановтың аймақтардағы штабтары да іске кірісті. Алғашқылардың бірі болып үміткердің Алматы облысындағы өкілдері де үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Бағдарламаны тұрғындарға таныстырып, жан-жақты талқылауға арналған жиынның бірі Талдықорған қаласында өтті. Штаб жетекшісі тұрғындарға әуелі үміткердің бағдарламасын таныстырып, ұлттық құндылықтарды қолдау жайын да сөз етті. Кездесу барысында жиынға қатысушылар бағдарламаның негізгі бағыттарын талқылап, ойларын ортаға салды. Олардың пікірінше, құжаттағы басты сұрақтар тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Жиында үміткердің платформасы жан-жақты талқыланды. Ал бұдан бөлек, саяси науқан аяқталғанша аймақта тағы бірнеше шара жоспарланған.  

ЖҮКЕЛ ХАМАЙ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҮМІТКЕР Ә.ҚОСАНОВТЫҢ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:  

Бүгін біз осында Алматы облысының «Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан сайланған президенттікке кандидат Әміржан Қосановтың бағдарламасын Талдықорған жұртшылығына және біздің белсенді өкілдерімізге, ақсақалдар алқасына, ардагерлерге және зиялы өкілдерге, студенттерге таныстырдық. Негізі, басты бағыт - ұлттық құндылықтар болғандықтан бүгінгі дөңгелек үстелге қатысушылардың қызығушылығын тудырды.

Д. Қайыртай