Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда ыстық су құбырынан зардап шеккендер өтемақы үшін соттаспақ

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2019
  • 3217

Алматыда бір ай бұрын ыстық су құбырының жарылуынан зардап шеккен азаматтар өтемақы көлемімен келіспей, сотқа жүгінуге мәжбүр. Пушкин мен Төле би көшелерінің қиылысында 8 автокөлік пен 10-даған пәтерді зақымдаған оқиғадан соң «Алматы жылу желісі» кәсіпорнының өкілдері ешкім өтемақысыз қалмайды деп мәлімдеген еді. Алайда сол күні шетелдік қымбат көлігі қатты зақымданған Адель Әділова көлігін жөндей алмай отырғанына шағымданды. Ол тәуелсіз бағалаушларға жүгініп, көлікті жөндеуге кететін шығынды есептеткенмен, коммуналдық мекемемен келісімге келе алмапты.  

Адель ӘДІЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Құбыр жарылған соң, арнайы тәуелсіз сарапшылар көлігімді қарап, жұмсалатын шығынды есептеген еді. Олар жолдаған хатта 227 000 теңге деп көрсетілген. Алайда, мен бұл соммамен келіспеймін. Ол қымбат маркалы көлікті жөндеуге жетпейді. Сосын мен жеке бағалаушыларға есептетіп, бұдан 4 есе көп қаржы жұмсалатынын білдім. Бұл шамамен 800 000 теңге. Ал көлік орталығындағылар оны тіпті 5 миллионға жөндейміз деп қағаз жазып берді.

«Алматы жылу желісі» компаниясы 10 сәуірде болған оқиғадан соң, зардап шеккен пәтерлер мен көлік иелеріне шығын өтелгенін айтады. Қазір тек екі автокөлік иесі автомобильдерінің жөндеу құнын жоғары бағалап отыр, дейді кәсіпорын өкілі. Ол үшін сараптама қортындысы мен сақтандыру компаниясының төлемдерін күту керек.  

Ян ГИРИН, «АЛМАТЫ ЖЫЛУ ЖЕЛІСІ» КӘСІПОРНЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ :

Зардап шегуші өзі айтқан көлік жөндеу орталығы мамандары шығарған қорытындыны бізге әкелген жоқ. Зақымданған автокөлікті арнайы сарапшылар тексеруі қажет. Кез-келген адам маған мұнша қаражат керек деп айта алмайды. Оны арнайы мамандар тексеруі керек. Егер біз ұсынатын соммаға келіспейтін болса, онда сотқа арыздануына болады.    

Р. Асқарбекұлы