Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ кәсіпкерлері Қытайға бие сүтін өткізе алмай отыр

  • AstanaTV
  • 15 мамыр 2019
  • 4656

Қытай тарапы Қазақстаннан экспортталатын тауарларға бюрократиялық кедергілер келтіріп отыр. Бұл мәселені бүгін Алматыда өткен бизнес форумда қазақстандық кәсіпкерлер көтерді. Қос тарап өкілдері екіжақты келісімдерді пысықтау үшін «Бір белдеу-бір жол» экономикалық форумының аясында кездесті. Кәсіпкер Қадырбек Мейрамбеков Қарағанды облысында биенің сүтін кептіріп, одан ұнтақ шығарады. Оны сумен араластырып, саумалға айналдыратын өндірісті жолға қойған. Кәсіпорын былтыр Қытай тарапымен жылына 100 тонна саумал экспорттауға келіскен. Алайда содан бері көрші елдің үкіметі стандарттарға сай келмейді деп, өнімді өткізбеген. Қазір қоймада 1 млрд. теңгенің өнімі сақтаулы.  

Қадырбек МЕЙРАМБЕКОВ, САУМАЛ ӨНІМДЕРІН ШЫҒАРАТЫН КӘСІПОРЫН ЖЕТЕКШІСІ: 

Былтыр шартқа қол қойғанбыз. Елбасы мен визит болғанда Си Цзиньпин сарайында шартқа қол қойып едік. Содан бері әлі бір киллогармм сүтті шегарадан өткізе алмай отырмыз. Бұлардың бюрократиясы шынымен қиындау. Қазір енді жылжитын түрі бар, амандық боса осы жаздан қалмай Қытайға кіруге тиіспіз.

Бүгінгі форумда белгілі болғандай қазір Қазақстан-Қытай арасында өндірістік 55 жоба жүзеге асырылып жатыр. Тәуелсіздік жылдардан бері екі елдің 440 біріккен кәсіпорны ашылған. Қытайдың Қазақстанға жіберетін экспорт көлемі 5,4 млрд АҚШ долларын, ал Қазақстан тарапы бұл елге 6,3 млрд. АҚШ долларының өнімін саудалайды.  

Аманияз ЕРЖАНОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: 

Біздің де шығаратын жақсы өнімдер бар. Оған Қытай кәсіпкерлерінің қызығушылығы бар. Ол тек тамақ өнімдері ғана емес, өндірістік өнімдер де бар. Оның ішінде машина жасау, көліктің бірнеше моделі және текстилдік өнімдер. Сонымен бірге тағам өнімдері көптеген. Ол осы нарыққа шығып, жұмыс бастап жатыр. Олар саумал, бал және майлардың әр түрлері.

Р. Асқарбекұлы