Атырау экологиясы жақсара түспек. Биыл пайдалануға берілетін кәріз тазарту кешені жаңа жүйемен жұмыс істейтін болады. Бұған дейін қаладан шығатын лас су ашық жатқан «Сасықсай» алаңына айдалып келді. Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 10 млрд теңге бөлінген. Аймақта бұдан өзге де нысандарды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс қарқынымен танысып қайтқан тілші репортажы.
Жаңа кешен тәулігіне 70 мың шаршы метр кәріс суын тазалауға қауқарлы. Кешеннен шыққан техникалық суды көлік жуу немесе ағаштарды суаруға пайдалануға болады. Ал қатты қалдықтарынан тыңайтқыштар дайындалмақ. Маңызды жоба бітуге таяу.
Мәлік АМАНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Қаладағы кәріздік желілер осы қондырғыға қосылды. Атырау қаласында бұрын-соңды кәріздік тазалау қондырғысы болмаған. Экологияны жақсарту жөнінде осындай жұмыстар жасап жатырмыз. Биылғы күзде пайдалануға береміз деп жатырмыз.
Ал, «Жайық» өзенінің 2 шақырымға жуық жағалауы заманауи демалыс орнына айналмақ. Демеушілердің 5 млрдқа жуық қаржысына абаттандыру жүргізілген, келесі жылы көктемде халық игілігіне береміз,- дейді мердігерлер. Қазір жағалауды тіреу қабырғаларын салу жұмыстары аяқталып қалған.
Мөңке ШЛЫКОВ, КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл жерде өз алдына велосипедтер жүретін жол болады. Сосын жүгіретін адамдарға резиновый жол болады. Содан кейін адамдардың қыдыратын жері, отыратын жері көгалданған, кешкі кезде демалысқа арналған. Ол жерлерде отыратын скамейкаларда көлеңкелер болады. Сол жерде телефонды зарядтауға болады, вайфай болады.
«Исатай-Махамбет» алаңы да қайта жаңыртудан кейін жаңаша кейіпке енбек. Мұнда биіктігі 3 метрге жуықтайтын «Домбыра» монумент, әуеннің ырғағына қарай түрлі-түске боялатын су бұрқақ, табиғи тастармен әрленіп, мыңдаған гүлдермен көмкерілген алаң да бой көтереді. Мұнан өзге қаланың барлық жағынан көрінетін биіктігі 91 метр ту да тұғырына қонбақ. Заманауи жабдықталған жастар мен оқушылар сарайы да қаланың көркіне көрік қосып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсаруға үлес қосады. Айта кетейік, бұл құрылыстар аймақтағы ірі компаниялардың демеушілік қаржысына салынып жатыр. Көбі биыл пайдалануға беріледі.
Б. Нәдірқызы