Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысы ЖИТС-ке шалдыққандар көрсеткіші бойынша ел аумағында көш бастап тұр

  • AstanaTV
  • 17 мамыр 2019
  • 4552

Павлодар облысы ЖИТС-ке шалдыққандар көрсеткіші бойынша ел аумағында көш бастап тұр. Өңірде осы уақытқа дейін 3 мыңға тарта адам жүре пайда болған иммундық тапшылықтың синдромына шалдыққан. Бұндай жағымсыз статистиканы өңірдің кеселмен күрес орталығы мамандары хабарлады. Айта кетейік, аталған вируспен күреске жыл сайын өңір қазынасынан жарты милллион теңге жұмсалады екен. Тақырыпты әріптесім Өзгеріс Қуанар тарқатады.  

Өзінің бет-жүзін көрсетіп, атын атамауды өтінген бұл әйел адам иммун тапшылығы вирусын жұқтырған. Осыдан 4 жыл бұрын сырқаттанып, қан тапсырғанда аты жаман кеселге душар болғанын біліпті. Себебі, құрбысы екеуі бір инеден есірткі қабылдапты.  

ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бір қызбен бір жерде бірге есірткі қабылдадық. Бірақ, оның вирус жұқтырғанын білмедім. Сол сәтте ол да өзінің ауру екенін білмепті. Кейін онымен байланыс орнатып, оның да осы ауруға шалдыққанын білдім.

Қазір арнайы орталықта ем алып жатыр. Жағдайы жақсарғанын айтты.    

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ: 

Аймақта адамның иммун тапшылығы вирусы алғаш рет 1996 жылы тіркеліпті. Бірақ, жаңа ғасырдың басында бұл ауру өрши түскен. Мамандардың айтуынша, оған 2001-2002 жылдардағы осы өңірден есірткі партиясының өтуі себеп болған. Қазіргі уақытта жағдай қалыпты болғанмен, мамандарда алаңдаушылық байқалады. Өйткені жыл сайын жаңадан 100 науқас тіркеледі.

ЖИТС-тің алдын алу және күрес жөніндегі орталықта науқастарға вирусқа қарсы арнайы терапия тағайындалады. Ол адамның иммун тапшылығын басып, инфекцияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Ем-дом шарасы тегін жүргізіледі.  

Жанат ТЕНТЕКПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖИТС-ТІҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ КҮРЕС ЖӨНІНДЕГІ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:  

Қазіргі таңда 4 айдың қорытындысы бойынша 1691 адам есепте тұр. Олардың 1300-і ауруға қарсы ем қабылдап жатыр. Бұл науқастардың 80 пайызға жуығын құрайды.

Мамандардың дерегінше иммун тапшылығы қоздырғышын жұқтырған 10 адамның 6-ы нашақорлар. Ал, Қазақстан бойынша 30 мыңнан аса адам наркологиялық есепте тұр. Олардың көбі синтетикалық есірткі тұтынатыны белгі болған.  

Гүлнұр АТАМБАЕВА, НАРКОЛОГ ДӘРІГЕР:  

Бұл ауру біздің науқастардың арасында жиі кездеседі. Яғни, жұғу жолдары қан арқылы болғандықтан, біздің науқастар ең бірінші қауіп қатер тобында болатын науқастар болып табылады. Яғни, бұл ауру егерде осындай есірткіге тәуелділікпен бірге келетін болса, әрине бұның салдары өте ауыр қиын.

Биылғы жылы Павлодар облысында қолдан есірткі жасаушылар саны біршама артқан. Өткен жылдармен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 35%-ға жетіпті. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жыл басынан бері заңсыз есірткі өнімдерімен айналысқан 90 дерек анықталған. Тәркіленген өнім көлемі 98 келіні құрайды. 

Қанат ҚОЖАБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЕСІРТКІМЕН КҮРЕС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Биыл есірткінің ірі көлемдегі партиялары еліміздің оңтүстік өңірлерінен тасымалданды. Сондықтан, олармен жұмысты күшейттік. Әсіресе, синтетикалық есірткі мен героин секілді ауыр түрлері жиі кездеседі.

Аймақта «90-90-90» деп аталатын пилоттық жоба қолға алынды. Ол адамдардың ауру белгілерін уақытылы анықтауға мүмкіндік бермек. Тек биылғы жылдың өзінде жұқпалы дертпен күресу үшін пепарат сатып алуға 460 миллион теңге жұмсалған.  

Ө. Қуанар