Русский Сайттың толық нұсқасы

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылады

  • AstanaTV
  • 22 мамыр 2019
  • 4438

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылады. Қазір бағдарламаны одан әрі жетілдіріп, жаңа бағыттарын нақтылайтын жұмыс тобы құрылған. Жалпы осы ауқымды жұмыс шеңберінде елімізде 3 триллион теңгенің өнімі өндіріліпті. 

«Бизнестің жол картасы» кәсіпкерлер көңілінен шықты. Өйткені жыл сайын 20 мың кәсіпкер оқытылып, жыл сайын 10 мың жұмыс орны ашылған. Енді өзін ақтаған бағдарламаны ұзарту қажеттігі туындап отыр. Бағдарлама іске асырылғалы бері 3 триллион теңгенің өнімі өндіріліпті.

Айдар ӘРІПХАНОВ, «БӘЙТЕРЕК» ҰБХ» АҚ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: 

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылады. Бағдарламаның тұжырымдамасы жасалды. Енді одан әрі жетілдіріп, жаңа бағыттарын нақтылайтын жұмыс тобы құрылды. Қазір барлық деңгейі талқыланып жатыр. Қаржылық қолдау құралдарын жетілдіру үшін түзетулер де жасалды. Бағдарлама жыл соңына дейін қабылдануы тиіс.

Осы бағдарламаның арқасында түркістандық кәсіпкер қазір кілемнің 500-ден астам түрін шығарады. Қазір ол - әлемге танымал IKEA сауда маркасына қазақстандық өнімді ұсынған алғашқы кәсіпорын. Тағы бір отандық компания ұнтақталған кофе өндірісін жолға қойса, Алматы облысынан ашылған құс фабрикасына 170 адам жұмысқа орналасты. 

Ермек АЛПЫСОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Жалпы алғанда 2018 жылы ел бойынша өнім шығару өсімі нақты мәнде 2015 жылғы деңгеймен 114 процентті құрады. Сондай-ақ 2019 жылдың 1 қаңтарында ШОБ-тың жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны 1 млн 200 мыңнан асты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 8 процентке өсті. 

«Бизнестің жол картасы» бойынша несиелік жүктемені азайту, айналымдағы ақшаны несиелеу көлемін арттыру секілді шаралар көзделген. Осылайша мерзімі ұзарған бағдарлама игілігін кәсіпкерлер тағы да пайдалана алады. Ал бұл ел экономикасын ілгерілетуге мүмкіндік бермек. 

Е. Карин