Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде апатты үйдің тұрғындары жаңа үйге көшіруді талап етуде

  • AstanaTV
  • 24 мамыр 2019
  • 4481

Ақтөбеде оншақты отбасы тоқсан жыл бұрын салынып, қазір құлағалы тұрған үйде тұрып жатыр. Онда ауыз су да, көгілдір отын да жоқ. Айтуларынша баспана былтыр апатты деп танылған. Екі қабатты шағын нысан 1927 жылы салыныпты. Содан бері жібі түзу жөндеу көрмеген. Қабырғасы сөгіліп, төбесі тесілген, сылақтары түсіп жатыр. Үйге тек жарық пен жылу ғана бар. Тұрғындар суды көшеден тасып ішеді. 

Айсұлу ТАҒЫБЕРДИНОВА, ТҰРҒЫН: 

Оншақты жылдан бері тұрамын. Төбесі сырость. Жарлары құлап жатыр. Іштері деген қысты күні жылу жоқ сыростан.

Нұрлан ҚУАНТАЙҰЛЫ, ТҰРҒЫН:  

Үйге тастап кетуге қорқамыз. Көрші жағалап жүреміз. Газ жоқ, су жоқ. Бала ғой. Газ баллоны тұр. Ашып жіберсе, оған шырпы жағудың да қажеті жоқ. Стена ағаш кірпіш емес. Шамалы жаңбыр жауса тазик пен шелек алып, үй жағалаймыз. Басқа амал жоқ.

Әкімдіктегілер бұл үйге былтыр арнайы сараптама жасатыпты. Жалпы Ақтөбеде 19 көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда. Оның 11-і ағаштан тұрғызылғандықтан адам өміріне қауіпті нысан санатында. 

Айгүл АМАНҚҰЛОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:  

Қала әкімдігімен үйлерді кейін бұзу және тұрғын комплексін салу бойынша сатып алатын жеке құрылыс компаниясын тарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта «SMP групп» компаниясымен Некрасов6 59 үйдің тұрғындарын жаңа ауданға көшіру жұмыстары жүргізілуде.

Б. Рахметова