Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттіктен үміткерлердің үгіт-насихат науқанынан

  • AstanaTV
  • 25 мамыр 2019
  • 2574

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы елдің 10 аймағында болып үлгірген. Қазір үміткердің 19 мыңнан аса сенімді өкілі үгіт-насихатты күшейтті. Нұротандықтар өткізген іс-шараға 3 миллионға жуық сайлаушы қатысқан. Ал кандидаттың ұсынысымен #BIRGE жалпыұлттық акциясы бастау алған болатын. Халықпен байланыс орнату үшін арнайы сайт та ашылды. Бүгінге дейін тұрғындар тарапынан келген ұсыныстың 15,7 % әлеуметтік кепілдікке, 9,4 % білім беруге, 7 % тұрғын үй мәселесіне қатысты. Халықтан түскен бұл ұсыныстарды Қасым-Жомарт Тоқаев өз тұғырнамасына енгізді. 

Фархад ҚУАНҒАНОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:  

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, партияның және қоғамдық штаб басшылығының атынан барша қазақстандықтарға «BIRGE» жалпыұлттық акциясына белсене қатысқандары үшін алғыс білдіремін. Біз үшін әр ұсыныс маңызды. Сондықтан сарапшылар олардың әрқайсысын мұқият сараптап, мәселелерді шешудің нақты шаралары мен жолдары көрсетілген ұсыныстармен жұмыс істейді.

Ал Сәдібек Түгел ұлттық құндылықтарға назар аударуымен есте сақталып жатыр. Зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде ол ар мәселесінде ағаттыққа жол беруге болмайтынын қадап айтты. «Тіл, жер, діл, ар-ождан» тақырыптарын қамтыған Түгел алдымен осы төрт дүниені түгендемек. Оның ұсынысы қарттар үйіндегі қамкөңіл жандарға да қатты ұнады. «Жалғыздық бір құдайға жарасқан дейтін қазақ үлкендерді бұлай қалдырмаған. Өкінішке қарай, «атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді»,- дегенді бүгінгі жастар ескере бермейді. Қартайған әке-шешесінен безген безбүйрек буынның қалыптасуы - ұлттық тәрбиенің ақсағанын аңғартады»,- дейді Сәдібек Түгел. 

Сәдібек ТҮГЕЛ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР: 

Көңілге қаяу түсіретін мәселе, балалары бола тұра, біздің қарттарымыздың осындай үйлерді жағалауы ол дұрыс нәрсе емес. Ол біздің мың жылдық тарихы бар қазағымыздың болмысына, салт-дәстүріне жат нәрсе. Жүрегің ауырады. Қарның ашиды, ренжисің.

Ал Амангелді Таспихов дәрігерлер мен мұғалімдер мәртебесін көтеруге қатысты Үкіметке хат жолдаған. Президенттікке кандидат әлеуметтік сала қызметкерлеріне қолдау көрсетпек. Қарапайым жұмысшы құқығы қорғау қажет, дейді. Өйткені еліміздегі жалпы кәсіпорындардың 42 пайызында ғана ұжымдық келісім бар. Осының кесірінен еңбек даулары азаймай отырған көрінеді. Әрбір кәсіпорында өндірістік кеңестер құру арқылы еңбек адамына жайлы жағдай жасаймын, -дейді кандидат. Тіпті әлеуметтік желіге тіркеліп, ұсыныс-пікірлерді қарайды. Ал үміткердің қоғамдық штабы аймақтардағы үгіт-насихатты күшейткен.  

Амангелді ТАСПИХОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР:

Сөзге келгенде ылғи мұғалімдердің мәртебесі дейміз. Олар туралы заң шағарамыз дейміз.Іс жүзінде тіпті заңда мемлекеттің тарапынан көрестілетін көмектің өзін көрсетпей отырмыз. Сондықтан ісіміз бен сөзіміз сәйкес келмей отыр. Соны сәйкестендіріңдер деп үкіметке өзімнің хатымды жолдадым.

Отандық өнім бәсекеге қабілетті болуы үшін мемлекеттік қолдау көрсетілуі керек. Бұл дегеніңіз - төмен пайызбен берілер несие һәм мемлекеттік тапсырыс. Бірақ заманауи әскери техника шығаратын елордалық зауыт осындай жеңілдіктен қағылған. Қазіргі жағдайы мәз емес. Негізі кәсіпорынның Қазақстан түгілі, шетелдік нарықты бағындыруға да қауқары жетеді. Бірақ мәселе баяғы қаржыға келіп тіреледі. Амалдың жоқтығынан зауыт банктерден жоғары пайызбен несие алуға мәжбүр. Ал мұндағы әскери техниканың мықтылығы соғыс даласында әлдеқашан мойындалған. Оқ өтпейтін, минаға мызғымайтын мұндай көліктерді көргендер қаскөйлік шабуыл жасау бекер екендігін жақсы біледі. Қорғанысты нықтағанның қамсыз өмір сүретінін айтқан Дания Еспаева бұл кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетілуі керектігін жеткізді.

Дания ЕСПАЕВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР:

Зауытқа тапсырысты қорғаныс министрлігі береді. Бір жылдыққа заказ алады. Дұрыс жұмыс істеу үшін 3-5 жылға заказ алу керек. Бұл біріншіден. Екіншіден несие жағынан. Қазіргі кезде бұл зауыт 16 пайызбен несие алып отыр екен. Мұндай өндіріс шығаратын зауыттарға несиенің мөлшері оны төмендету керек.

Ал Төлеутай Рақымбеков елді отандық тағам өнімдермен қамтамасыз етпек. Бұл -азық-түлік қауіпсіздігі. Өйткені шеттен келетін өнім сапасына толық сенім жоқ. Сондықтан өзіміздің өндірушілерді барынша қолдау керек.Бір әттеген-айы, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30 пайызға жуығы ғана өңделеді. Егер өңдеу цехтары көбейсе, ауыл шаруашылығы экономиканың қозғаушы күшіне айналары анық. Ал саланы ілгерілету мал баққан қарапайым бақташыны бақытты қылудан басталады. Әйтпесе қой бағуды қиынсынған қазақтар қазір ірі қалаларға көшіп жатыр. Мұны тоқтату үшін шалғайдағы ауылды көркейту керек. Сайлаушылармен кездескен үміткер ерінбегеннің сиырдың сүтінен де көл-көсір табыс түсіретінін әңгімеледі.

Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР:

Бір сиырдың басына шаққан кезде 8100 килограмм сүт өндіреді екен. Ал, Қазақстан бойынша 3000 килограмға жеткен жоқпыз. Егерде орта есеппен біз Қазақстан бойынша 8100 килограмға жеткізетін болсақ, қосымша Қазақстанда экпорт арқылы тек қана сүттен 10 млрд доллар пайда әкеле алады, ауыл шаруашылығы.

Жамбыл Ахметбеков шикізат өңдейтін зауыт-фабрикалардың санын арттыру керектігін мәлімдеді. Шымкенттегі жіп иіру және ширату фабрикасы ұжымымен кездескен кандидаттың айтуынша, жеңіл өнеркәсіп саласы дамыса, ел экономикасы жаңа белеске көтеріледі. Осылайша жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Бүгінде фабрикада 400-дей адам еңбек етеді. Былтыр кәсіпорын шығарған 3,5 млн тонна өнімнің 90% экспортталған. Фабрикада дайындалатын жіп Қытай, Түркия, Беларусь елдерінде сұранысқа ие. Ахметбеков мүгедектерге жеңілдетілген несие алуға жағдай туғызу керектігін жеткізді. Сонда олар да кәсіпкерлікпен айналыса алар еді. Ал кәсібі бар жанның аш қалмасы анық.

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР:

Тек қана қаражат мәселесі, жалақыны ғана көтеру емес, мүгедектердің несие алу жағдайына жеңілдік жасаса екен, олардың кәсіпкерлікпен айналысуына, бизнес ашуына мүмкіншілік жасаса екен деген ойлар жиналыстан кейін де, жиналыстың өзінде де айтылып өтті.

Әр қазақ – менің жалғызым. Президенттікке кандидат Әміржан Қосанов алыс аймақтардағы үгіт-насихат жұмыстарын күшейтті. Ресеймен іргелес елді мекен тұрғындарымен де жүздесіп, мұң-мұқтажына құлақ қойды, өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Қазір Қосановтың өңірлердегі жүзден астам сенімді өкілі бұл іске білек сыбана кіріскен.

Әміржан ҚОСАНОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР:

Солтүстік өңірлерді аралауымыздың ішінде бізде аңыз бар. Яғни солтүстік өңірде ұлттық құндылықтар, қазақ тілі туралы мәселе белгілі бір дәрежеде дұрыс қабылданып жатқан жоқ деген. Ол жаққа барудың қажеті жоқ деген әңгіме бар. Біз, керісінше, сол ағайынға келіп, олардың ішінде ана тілін білмейтін қазақтар да бар, оның ішінде басқа ұлт өкілдері бар, сол құндылықтарды айтып, сол тілде жеткізіп жатырмыз.

Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек болғалы тұр. Тіпті тауық екеш, тауықтың жұмыртқасына дейін сайлау науқанының көрігін қыздырып жатыр – дауыс беруге үндеп. «Жұмыртқалардың» қайсысы шірік, қайсысы берік екенін ыстық табаға тасталғанда білеміз. Табаның оттан шығатын күні - маусымның тоғызы.

Е. Карин «Біздің уақыт».