Ал Қостанайда соңғы екі айда 5 бала биіктен құлап, түрлі жарақат алған. Бұл туралы облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері айтты. Жексенбі күні бір жарым жастағы бүлдіршін тұрғын үйдің 4-ші қабатынан төмен құлап, тірі қалды. Сәбидің бас сүйегі зақымданып, жамбасы сынған. Қазір жан сақтау бөлімінде жатыр, - дейді дәрігерлер. Мамырдың 24 күні де 17 жастағы қыз екінші қабаттан құлап кеткен. Белінен мертіккен бойжеткеннің халі қалыпты. Жалпы бөлімшеге ауыстырылған. Дәрігерлер екі айдың ішінде 5 бала биіктен құлап, түрлі жарақат алғанын айтады. Алайда полицейлердің хабарлауынша баласын қараусыз қалдырған ересектер жазаға тартылмаған.
Игорь БЕЛОБРИЖЦКИЙ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ХИРУРГИЯ СЕКТОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Кішкентай баланың салмағы аз болғандықтан, жарақаты да азырақ болады. Қайткенмен 6 метрлік биіктіктен құлаған баланың басына әртүрлі деңгейде зақым келеді. Сондықтан бүлдіршіннің кіммен отырғанын, қайда қалғанын үнемі қадағалау қажет. Салғырт қарауға болмайды. Өте сақ болу керек. Мен бірінші кезекте ата-аналарға жүгінгім келеді. Өйткені осындай оқиғалар мен жазатайым жайттар солардың мойнында.
З.Санай