Еліміздің ауыл шаруашылығын өркендету жұмыстары әлі күнге нәтижесіз. Бұл туралы кәсіпкерлікті қолдаудың тиімділігін арттыру жолдары талқыланған жиында мәлім болды. Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласына жыл сайын 300 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Қомақты қаржы кәсіпкерлерге қаржылық қолдау және жеңілдетілген несие түрінде таратылады. Бірақ бұл саланың ел экономикасындағы үлесі азайып кеткен. Осылайша Елбасының отандық нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп, экспортты жолға қою туралы басты екі міндеті әлі күнге орындалмай отыр. Елімізге импортталар тамақ өнімдері де жыл сайын көбеюде. Мысалы, 2017 жылы импорттың көлемі 3 млрд теңге болса, былтыр 3 млрд 600 млн теңгеге жеткен. Мұның 600 миллион теңгесіне банан, ананас секілді экзотикалық жеміс-жидектер сатып алыныпты. Ал қалғанын елімізде де өндіруге болады екен.
Нұржан ӘЛТАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
2 деңгейлі банктер ауыл шаруашылығына кредит бергісі келмейді. Олар өздерінің қаражатын ҰБ құнды қағаздар құралдарымен ұстағанды дұрыс көреді. Ауыл шаруашылығында риск өте жоғары, ол жақта қауіп бар деп, ол жаққа қаражат бермейді. Қазіргі беріп жатқан қаражаттың бәрі – бюджеттік қаражат. Ол «ҚазАгро» арқылы беріледі. Ол дұрыс емес. Өйткені екінші деңгейдегі банктер жұмыс істеуі керек.
Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетіндерді несиелендіру механизмдері әлі толық шешілмегенін айтады. Мысалы, елімізде миллионнан астам кәсіпорынның 17 мыңы ғана мемлекет қолдауын алған. Бірақ бұл ақша да діттеген жеріне жетпейді.
Қанат ИБРАЕВ, «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖИҺАЗ ЖӘНЕ АҒАШ ӨҢДЕУ ӨНДІРІС КӘСІПОРЫНДАРЫНЫҢ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ЗТБ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қазақстанда 1317 жиһаз кәсіпорнының 700-і ғана жұмыс істейді. Солардың 300-і ғана салық төлейді. Ал қалғандарының немен айналысатыны белгісіз. Бұған жол беруге болмайды. Одан да мемлекет қаржысын жұмыс істейтін, салық төлей алатын осы 300 кәсіпорынға беру керек.
Е. Карин