Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыдағы батуттың иесі алдыңғы күнмен жұмыстан шығарылмаған – В.Беккер

  • AstanaTV
  • 28 мамыр 2019
  • 1945

Қарағандыда дауылдан төңкеріліп қалған батуттың иесі алдыңғы күнмен жұмыстан шығарылған жоқ. Бүгін Үкіметтегі жиыннан соң журналистердің сұрағына Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы осылай жауап берді. Қамауға алынған батут иесі қаладағы өрт сөндіру бөлімдерінің бірінде бастық болған. 2001 жылдан 2019 жылға дейін осы салада жұмыс істепті. Ал кәсіпкерлікпен жұбайы айналысқан. Естеріңізге салайық, өткен сенбіде қатты желдің кесірінен саябақтағы үрмелі батуттың бірі дүңгіршектің үстіне аударылып, бірнеше бала ауыр темір астында қалып қойған. Екі бүлдіршін ауруханаға жеткізіліп, 11 жасар бір бала мерт болды.

Владимир БЕККЕР, ҚР ІІМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Тексеру жүргізілді. Ол алдыңғы күнмен жұмыстан шығарылған жоқ. Мамырдың 20-сы күні өзі жұмыстан шығу туралы баянат жазған. Оның әйелі 2018 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Батутпен сол айналысты. Ал күйеуі тек көмектесіп отырған. Дәл сол батут тап сол орында былтыр да тұрған. Оны пайдалануға ешқандай шектеу болған емес.

Владимир Беккер үрмелі батуттарды қадағалайтын мемлекеттік органды анықтау қажеттігі туралы ұсыныс та жасады. Тиісті құжаттар премьер-министр Асқар Маминның қаруына дайындалып жатқан көрінеді. Комитет төрағасы Кәсіпкерлік туралы кодексте аттракциондарды қадағалайтын орган белгіленбегенін айтты. Әйтсе де, 2018 жылдан бері елімізде Кеден одағының «Аттракцион қауіпсіздігі турлы» техникалық реттемесі жұмыс істейді. Онда батутқа қатысты қауіпсіздік шаралары жіктеп көрсетілген. Тіпті желдің жылдамдығын өлшейтін құралдың да болуы талап етілген.  

Д. Қайыртай