Қарағанды облысында шахтада оқыс оқиғаға тап болған кеншілерді іздейтін қондырғы іске қосылды. Ол кен орындарындағы төтенше жағдайларда үйінді астында қалған жұмыскерлерді 100 пайыз дәлдікпен тауып қана қоймай, жер астында онлайн ережесінде бақылап, оқыс оқиғаны алдын ала ескертуге мүмкіндік бермек. Пилоттық жобаны іздестіру тобы "Қазақстан" шахтасындағы 500 метр тереңдікте сынақтан өткізді.
Мамандар 5 жүз метр тереңдікте қалып қойған кеншіні іздеп, шахтаға түсті. Хабарсыз кеткен шахтерды табу үшін оның қай маңда жоғалғанын диспетчерден сұрап білді.
- Виктор, прием, как слышно?
- Хорошо.
- Скажите пожалуйста, лампа у Д где позиционируется? В каком ВРМ-е?
- ВРМ 418.
Өйткені, байланысшы радио сигнал арқылы жер бетіндегі монитордан шахтердың апат кезіндегі соңғы орны мен аты- жөнін көріп отырады. Басты ақпаратты алған мамандар тікелей сол нүктеге беттеді. Айтпақшы, жаман ырым шақырудан қорыққан іздестіру тобы «шартты кеншінің» орнына шахтерлардың темір телпегіне тағылатын арнайы жарықтандырғышты тастаған болатын. Оны бірнеше минутта тауып алды. Жаңа технологияның бар пайдасы осы шамда екен. Ішінде датчик орналасқан. Шахталардағы басқа аспаптарға, одан қалса жер бетіне онлайн ережесінде белгі беретін де осы құрал.
Роман ЖИЛКИН, «ҚАЗАҚСТАН» ШАХТАСЫНЫҢ АВТОМАТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС МЕХАНИГІ:
Қондырғы апат кезінде адамдарды іздеуге арналған. Ол шахтер қозғалыста ма, жоқ па бәрібір көрсетіп тұрады. Үйінді астында қалса да 2-3 метрден бастап 40-50 метр қашықтыққа дейінгі нақты орнын көрсетеді. Осы белгі арқылы қиын жағдайға ұшыраған адамды құтқару мүмкіндігі артады деген сөз.
Альберт ИМАЕВ, «ҚАЗАҚСТАН» ШАХТАСЫНЫҢ АУЫСЫМ БАСШЫСЫ:
Қондырғыда апат кезінде қолданылатын арнайы шақыру басқышы бар. Оны басса болды дабыл қағылып, төтенше жағдайдан хабардар боламыз. Апаттық дабыл радио станция арқылы да келіп түседі. Сөйтіп біз жер бетінде отырсақ та, дереу шахтадағығы жекеленген жұмысшыларға немесе жұмыс топтарына ескертеміз. Бұрын қанша адам түскенін білгеніміз болмаса, кеншілердің нақты қай жерді қазып жатқанын көре алмайтынбыз. Енді бәрі көз алдымызда.
Кеншілерді іздестіру жүйесінің ең алдымен "Қазақстан" шахтасында іске қосылуы тегін емес. Осыдан екі жыл бұрын метан газы мен көмір қыртысы жарылып, 3 адам қаза тапса, 4 кенші жарақаттанды. Ол кезде метанның деңгейі қалыпты мөлшерден 18 есе көп екені анықталды. Кейін прокурорлар дәл осы кен орнындағы 3400 техниканың 2 мыңға жуығы тозғанын мәлімдеген еді. Бүгін шахта ұжымының өзі бұрын жер астындағы адамдарды нақты бақылай алмай келгендерін мойындады. Енді жаңа технология қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, жұмысты біраз жеңілдетеді деген үмітте.
Абай КЕҢЕСОВ, «ҚАЗАҚСТАН» ШАХТАСЫНЫҢ МАШИНИСТІ:
Қазір кез-келген сәтте байланыстамыз. Жер бетіндегі, жер астындағы диспетчерлермен тез арада хабарласа алатын болдық. Бұрын қандай бір жағдайда шахтаның әр бір жеріндегі стационарлық телефондарға жүгіріп барып, қоңырау шалуға тура келетін.
Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 15 жылда «Арселор Миттал Теміртаудың» Қарағанды облысындағы шахталарында метан газының жарылуынан 100-ден астам кенші опат болған. 2006 жылы Ленин атындағы шахтадасындағы оқиғадан 41 шахтер жер бетіне шықпастан мерт болды. Қара жамылған жесірлер мен қарағандылықтардың ереуілдерінен кейін ғана компания «өндірістік қауіпсіздік бағдарламасын» қабылдады. Өйткені, шахталардағы хабарландыру жүйесі мен метанды өлшейтін қондырғылардың жұмысы сын көтермейтін.
А. Қуаш