Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұрлы Ертіс» пилоттық жоба аясында Павлодар облысына Нұрсұлтан қаласынан 35 отбасы көшіп келді

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2019
  • 4500

Елордадан баспана таба алмаған көп балалы отбасылар Екібастұз қаласында үйлі болды. «Нұрлы Ертіс» деп аталатын пилоттық жоба аясында Нұр-Сұлтаннан кеншілер шаһарына 35 отбасы көшіп барған. Оларға қойылар талап қандай? Елордадан Екібастұзға қоныс аударған көп балалы отбасылардың жағдайымен осы өңірдегі тілшіміз Өзгеріс Қуанар танысып келді.   

Бұрын Есіркеповтер отбасы бас қалада 10 жылдан бері пәтер жалдап тұрған. Бағасы удай баспананы төлеу қиынға соққандықтан Екібастұзға көшуге бел буады. Қазір 5 баласымен жайлы пәтерге орналасқан. Отағасы қаладағы автобус парктерінің біріне жүргізуші болып жұмыс істейді.  

Орынбасар ЕСІРКЕПОВ, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Енді қаланы көрдік. Аралап та көрдік. Әйеліме де ұнады, өзіме де ұнады. Ең бастысы – баспанамыз бар. Баяғыдай ешкімге 100 мың төлемейміз. Өзіміздің баспанамыз.

Баспана үшін отбасы ай сайын 8 мың теңге төлеп тұрады. Болашақта бұл үйді сатып алуына да мүмкіндік бар. Ол үшін мемлекет тарапынан қажетті көмектер жасалмақ.  

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ: 

Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген көп балалы отбасылар жаңадан салынған мына үйге қоныстанған. 4 подъезд тұрғын үйде жалпы саны 80 пәтер бар. Алдағы уақытта да қоныс аударушыларға осы үйден баспана берілмек. Ал балаларға жайлы болу үшін үйдің алдына осындай үлкен ойын алаңқайы да салынатын болады.

«Нұрлы Ертіс» пилоттық жобасы аясында Екібастұзға елордадан 35 көп балалы отбасы көшіп келген. Балалалар балабақшаға, оқушылар мектепке орналасты. Ал қоғамдық көлікте бала мен ана тегін жүреді. Қоныс аударған отбасыларға қойылар басты талап – жанұяда кемі бір адамның мамандығы болуы керек.  

Айгүл ШАБЕКОВА, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ: 

Ал егер квалификациясы бар болып тұрып, біздің Екібастұз өңірінде оған бос жұмыс орын табылмаған жағдайда, бізде "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың" 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" атты бағдарламасы бар. Соның аясында қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберіп, 3 айлық курстарға өзімізге қажетті жұмысқа орналастыру үшін мамандыққа оқытып алуымызға болады.

Мемлекеттік бағдарлама еңбек күші артық өңірлердегі көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған. Бұл мақсатта басымдық тұрмысы төмен отбасыларға беріліп отыр. Тағы қанша көп балалы отбасы Екібастұзға көшіріледі? Ол жақтағы жалақы қанша, күнкөріске жете ме? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын сенбі 20:00-де шығатын «Біздің уақыт» апталық сараптамалық бағдарламасында айтатын боламын.

Ө. Қуанар