Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент латын әліпбиін қабылдау үшін жарлық шығаруды тапсырды

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2017
  • 4488

Латын әліпбиінің соңғы нұсқасы қабылданбақ. Ол үшін президент жарлық шығаруды тапсырды. Бүгін Ақордада Президент әкімшілігі жетекшісі мен оның бірінші орынбасарын қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев ел болып, жұрт болып талқыланған латын әліпбиінің соңғы нұсқасы барлығының көңілінен шыққанын айтты. Дәуренбек Бақдәулет тарқатады.

Қазақ тілін латын қаріпіне көшірудің соңғы нұсқасы осы қазан айында ұсынылды. Президент ол ел ішінде қызу талқыланып, қоғам тарапынан қолдау тапқанын атап өтті. О баста-ақ Нұрсұлтан Назарбаев бұл саяси немесе экономикалық емес, әлеуметтік жоба деп, халық пікірімен санасуды тапсырған болатын. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Латын қаріпіне негізделген қазақ әліпбиінің ұсынылған жобасын бекіту туралы жарлық шығару қажет. Комиссия жұмысын аяқтады. Соңғы нұсқа жарияланды. Ғалымдар, тілтанушылар, саясаткерлер, жастар және Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері ортақ мәмілеге келді. Жалпы, қоғам қолдап отыр.

Мемлекет басшысы қазақ әліпбиін латын қаріпіне кезең-кезеңмен және жүйелі түрде көшіру қажет деп отыр. Бұл процесстен ешкім зардап шекпеуі тиіс деді. Өз кезегінде Президентке мемлекеттік тілді латын қаріпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының атқарған қызметі туралы да баяндалды. Марат Тәжин бірінші кезекте жаңа әліпбиде төл дыбыстардың сақталғанын айтты. 

Марат Тәжин, ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

Ең негізгі жақсылығы - қазақтың бүгінгі фонетикалық байлығының сақталуы, әрбір дыбыстың орны бар. 

Қолданыстағы әліпбиде 42 таңба бар. Жаңа үлгіде 32 әріп болады. Алғашқы нұсқадағыдай диграфтар емес, апостроф қолданылады. Яғни әріп маңдайына таяқша қойылады. Қазақ тіліне икемделмеген шетелдік кей сөздерді еміле құрып, икемдейтін күн туды деп тіл мамандары бөркін аспанға атып жатыр.

Съезд Ақымбек, қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты:

Осы латын графикасына көшу барысында халықаралық терминдерді міндетті түрде қазақ тіліне икемдеудің бір ерекше бір мүмкіндігі ашылып отыр. Және әлемдік стандартты қазақ тіліне әкелуде де мұның берері мол деп айтсақ болады.

Дәуренбек Бақдәулет,  тілші:

Жалпы латын қаріпіне өту туралы осы уақытқа дейін БАҚ беттерінде мыңдаған жазбалар жазылып, тек Ақорданың өзіне 300-ге жуық ұсыныс түскен болатын. Мамандар бұған "Бұл ұлттық кодты сақтап, технологиялық коммуникацияға бейімдеуге ашылған төте жол" деп баға беріп отыр.