Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысы мен Шымкентте күн мен судан қуат алу құрылысы қарқынды

  • AstanaTV
  • 30 мамыр 2019
  • 7481

Түркістан облысында электр энергиясының тапшылығы баламалы энергия көздері арқылы шешілмек. Жергілікті билік осындай жоспар қойып отыр. Кентау қаласында алдағы жылы 100 МВт-тық күн электр стансасы салынады. Одан бөлек дәл қазір Шағын су және күннен қуат алатын бес жобаның құрылысы қолға алынған. Дегенмен қолбайлау болып тұрған мәселе де жоқ емес.  

Қуаттылығы 1 МВт-тық күн электр стансасы күнгейде іске қосылған алғашқы баламалы энергия көзі. Төрт жыл бұрын пайдалануға берілген нысан шымкенттіктерді ауыз сумен қамтып отырған мекеменің еншісінде. Жылына 1 млн 600 мың киловатт электр энергиясын өндіреді. Су арнасындағылар шығынның басым бөлігін осы арқылы жауып отырғандарын жеткізді.

Нариман ИСМАИЛОВ, «СУ РЕСУРСТАРЫ МАРКЕТИНГ» ЖШС БАС ЭНЕРГЕТИГІ:

Жылына біз осы су қабылдағыштан 2 млн киловатт жуық электр энегрия жұмсаймыз. Соның қазіргі таңда соның 60 пайызы яғни 1 млн 600 кВТ сағат электр энергиясын үнемдеп жатырмыз осының есебінен. Бұл жерде тұрған панельдердің саны - 4160 дана. Әрбір панельдің қуаттылығы - 240 ватт.

Күн электр стансасының құны – 153 млн теңге. Алдағы екі жылда өзін-өзі толық ақтайды, - дейді су арнасындағылар. Десек те, Түркістан облысы қажетті қуаттың 70 пайызын көрші облыстардан алады. Жергілікті көздер небәрі отыз процентті жауып отыр. Сондықтан мамандар су, жел және күн секілді баламалы қуат көзін барынша іске қосуға ниетті. Оңтүстікте әсіресе күннен қуат алуға мүмкіндік мол. Өйткені өзге өңірлерге қарағанда жылына 288 күн, ыстық болады.

Роза САРИЕВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Сарыағаш ауданындағы қуаты 20 МВт-тық күн электр стансасы ол күн электр стансасының өндірген электр энергиясы толығымен темір жол көлігі саласында пайдаланылған республикадағы алғашқы жоба болып саналады. Мысалға, Арыс қаласындағы қуаты 14 МВт-тық болатын күн электр стансасы 2019 жылдың соңына дейін іске асырылады деп күтілуде. Төлеби, Сарыағаш ауданындағы электр стансалар осы жылдың екінші тоқсанында іске асырылады деп күтілуде.

Ал мақталы өңірдегі бұл шаруада қиындықтар бар секілді. Жобаны жүзеге асыруы тиіс компания қаржылық қиындыққа тап болған.

Эрик ОРАЗАҚОВ, «TURKISTAN INVEST» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ СҮЙЕМЕЛДЕУ ЖӨНІНДЕГІ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Менің білуімше оларда қаржы көзі болмаған. Компания құрылған. Жер телімі жалға алынған. Конкурстан жеңіп шығады. Құрылысқа қыруар қаржы қажет емес пе, ал бұл жерде инвестор табылмай тұр.

Баламалы энергия алу Шымкентте де қолға алына бастады. Жыл соңына таман шаһардың күнгейінен 50 гектар аумаққа күн электр стансасы салынбақ. Инвестор - ресейлік компания. Кәсіпкерлік басқармасындағылар қуат көзін алуда барлық жағдайдың ескерілгенін айтты. Бәрінен бұрын қолданылатын қуат көзі орта есеппен 5 теңгеге арзан болмақ.  

А. Төребекқызы