Президенттікке кандидаттардың бәріне бірдей мүмкіндік берілді. Бірақ өкінішке қарай, кейбірі мұны оңтайлы пайдалана алмады. Сайлау қарсаңында ұйымдастырылған теледебат туралы отандық саясаттанушылар осылай дейді. Олар "пікір таластырған кейбір үміткердің ойы шашыраңқы шықты. Ал нақтылық жетіспегендіктен, өзі көтерген мәселені ауқымды деңгейде көрерменге жеткізе алмады" деп отыр.
Данияр ӘШІМБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Көбісі популистік сарынды ұстанған секілді. Дегенмен дебатқа қатысушылар өз салаларындағы жағдайды жақсы біледі. Бірақ біз нақты бір саламен айналысатын министрді емес, күллі мемлекеттік деңгейде ойлай алатын көреген тұлғаны таңдаймыз. Менің ойымша кандидаттарға нақтылық жетіспеді.
Айгүл ОМАРОВА, САЯСАТТАНУШЫ:
Дебат - кандидаттарды іріктеуге таптырмас мүмкіндік. Шет елдерде пікірталас арзанқол шоу түрінде өтсе, біздегі үміткерлер жаға жыртыспады, өз ойын байыппен жеткізді. Бірақ барлығы бірдей өзін көрсете алмады. Тоқаевтың сенімді өкілі, "Ауыл" партиясының өкілі мен Азат Перуашев сөзі шынайы шықты. Олар әлдеқайда нақтырақ сөйледі.
Е. Карин