Русский Сайттың толық нұсқасы

Тағы бір нұрлы жоба. Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға көшкен көп балалы отбасылар әйтеуір риза!

  • AstanaTV
  • 01 маусым 2019
  • 2787

Нұр-Сұлтаннан баспана таба алмаған көп балалы 35 отбасы Екібастұз қаласында үйлі болды. Ол да нұрлы екен - «Нұрлы Ертіс» деп аталатын пилоттық жоба аясында Нұр-Сұлтаннан кеншілер шаһарына көшіп барған Есіркеповтер отбасы астанада 10 жылдан аса пәтер жалдап тұрған. Қожайындарына айына 100 мыңдап төлегенде жоқшылықтан құтылмайтындай көрінген... Қазір 5 баласымен жайлы пәтерге орналасқан отағасы - Орынбасар қаладағы автобус парктерінің біріне жүргізуші болып жұмыс істейді.

Бұл халық тығыз орналасқан аймақтардың адамдарын еліміздің солтүстігіне қоныстандыру бағдарламасымен қабысады. Дұрыс, өте дұрыс бағдарлама деп, материалдар да беріп жүрміз. Мәселе – баспана, жұмыс, ауыз су сияқты қажеттіліктердің қанағаттандырылғанында. Өзгеріс Қуанардың материалы.

Орынбасар ЕСІРКЕПОВ, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ең бастысы - баспаналы болғанымызға өте қатты қуанышты болдық. Өзімнің баспанам дегендей. Өз үйің болғанға не жетсін. Баяғыдай әркімнің пәтерінде жүргеннен гөрі қай қалада болсын, өзімнің пәтерім болғанға қуанып отырмын.

5 бала өсіріп отырған Орынбасар мен Инараның қуанышында шек жоқ. Қалай қуанбасын, 3 бөлмелі су жаңа баспанаға ие болды. Бұған дейін олар 10 жылдан аса уақыт Нұр-Сұлтан қаласында пәтер жалдап келген. Бағасы удай баспананы төлеу қиынға соққандықтан, Екібастұзға көшуге бел буыпты.

Орынбасар ЕСІРКЕПОВ, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Пәтер жалдайтындарға барсаң, бала-шағамен кіргізбейді. Көп балалы-шағалы болған соң. Амал жоқ, жаңағыдай домдарды жалдап тұрдық біреудің. Бақандай 100 мың теңге төледік ол жерде. 8 жылдай 100 мың төлеп тұрдық. Бұдан әрі қарай да 100 мың төлей берсек, бала-шағамызды асыраймыз ба, пәтерге төлейміз ба? Қиналып кеттік.

Ұзақ жылдан бері пәтерден пәтерге көшіп жан баққан отбасы өз үйінің болуын армандады. Пәтер кезегінде тұрғанмен, одан да қайыр болмаған. Амалы таусылған отағасы «Нұрлы Ертіс» бағдарламасын естігенде, төбесі көкке жеткенін айтады. Қазір мамандығы бойынша жұмысқа да орналасқан.

Орынбасар ЕСІРКЕПОВ, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді қаланы көрдік. Аралап та көрдік. Әйеліме де ұнады, өзіме де ұнады. Ең бастысы баспанамыз бар. Баяғыдай ешкімге 100 мың төлемейміз. Өзіміздің баспанамыз.

Қуанышы қойнына сыймай жүргендердің тағы бірі - Гүлнәр Тыржанова. Жолдасы Ерлан екеуі Елорадада 10 жылдан бері пәтер жалдап келіпті.

Гүлнәр ТЫРЖАНОВА, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бәрі көңілімізден шықты. Пәтеріміз үлкен, жарық, балаларға да ұнайды. Оларды балабақшаға орналастырып, мектепке, емханаға құжаттарын тіркетіп қойдық. Барлығы бізді құшақ жая қарсы алып жатыр. Жолдасым техник-механик болып жұмысқа тұрды.

Баспана үшін көп балалы отбасылар ай сайын 8 мың теңге төлеп тұрады. Болашақта үйді сатып алуыларына мүмкіндік бар. Ол үшін мемлекет тарапынан көмек көрсетілмек.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген көп балалы отбасылар жаңадан салынған мына үйге қоныстанған. 4 подъезд тұрғын үйде жалпы саны 80 пәтер бар. Алдағы уақытта да қоныс аударушыларға осы үйден баспана берілмек. Ал балаларға жайлы болу үшін үйдің алдына осындай үлкен ойын алаңқайы да салынатын болады.

«Нұрлы Ертіс» пилоттық жобасы аясында Екібастұзға елордадан 35 көп балалы отбасы көшіп келген. Балалар балабақшаға тегін барып, мектепте ыстық тамақпен қамтылса, қоғамдық көлікте анасы, не әкесімен бірге ақысыз жүреді. Оларға қойылар басты талап - отбасында кемі бір адамның мамандығы болуы шарт.   

Айгүл ШАБЕКОВА, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:

Ал егер квалификациясы бар болып тұрып, біздің Екібастұз өңірінде оған бос жұмыс орын табылмаған жағдайда, бізде "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың" 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" атты бағдарламасы бар. Соның аясында қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберіп, қажет мамандыққа оқытып алуымызға болады.

Мемлекеттік бағдарлама еңбек күші артық өңірлердегі көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған. Бұл мақсатта басымдық тұрмысы төмен отбасыларға беріліп отыр. Өңірдің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биылғы жылы Екібастұзға жалпы саны 100-ге жуық отбасын көшіру жоспарланған.

Хелуа КАШКЕНОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі уақытта біз 35 отбасын көшірдік. Оның ішінде 63 жұмысқа қабілетті адамдар ата-аналары үлкен ағалары бар. Сосын 154 мектепке баратын, мектепке жетпеген балалар бар. 9 студенттер арасында.

Екібастұз - өндірістік шаһар. Мұнда көбіне жұмысшы мамандықтарына және мұғалімдер мен дәрігерлерге сұраныс жоғары. Айта кетейін, кеншілер қаласындағы орташа жалақы 163 мың теңгені құрайды екен. Бұл аймақтағы ең жоғары жалақысы бар қала.

Өзгеріс Қуанар, Нұрлан Әлмұхамбет «Біздің уақыт».