Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжар өңірінде ауыл шаруашылығы саласында маман тапшы

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2017
  • 4124

Қызылжар өңірінде ауыл шаруашылығы саласында маман тапшы. Шаруа қожалықтары тәжірибелі қызметкерлер түгіл, жас мамандарға мұқтаж. Аймақта қандай кадрларға сұраныс басым? Мәселені тілшіміз Абзал Құрманкин зерттеп көрді.

Якорь селосының тұрғыны Елена Калинка 2011 жылы биология ғылымына ден қойған. Жас маман жұмыссыз қалмайтынын әу баста білді. Себебі ауылды аймақта ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс жоғары екенінен хабардар. Алдыңғы жылы оқуын тәмамдаған ол туған ауылына оралып, құс фабрикасына зертханашы болып жұмысқа орналасты.

Елена Калинка, зертханашы:

Мен ауылдық квота бойынша грантқа түсіп, тегін білім алдым. Енді 3 жыл ауылда жұмыс істеуге міндеттімін. Жұмыс үйден алыс емес, жалақысын уақытында төлеп тұрады. Өте ыңғайлы. Сондықтан болашақта да мекен ауыстыруды жоспарлап отырған жоқпын.

Аграрлы сала мамандарына деген сұраныстың тым жоғары екенін жергілікті университет өкілдері де растап отыр. Бүгінде ауыл шаруашылығы бөлімінде 223 студент білім алып жатыр. Балалар білім ошағын бітірген соң, кәсіпкерлер жас мамандарды "талап әкетеді", дейді кафедра меңгерушісі.

Алтын Шаяхметова, М.Қозыбав ат. СҚМУ ауыл шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі:

Бізде оқитын балалардың 75 пайызы мемлекет демеуінің арқасында тегін білім алып жатыр. Біз оқу процесі барысында тәжірибеге көп көңіл бөлеміз. Демек, балалар кәсіпорындарда еңбек етеді. Ал оқуларын бітірген соң түлектердің 100 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.

Маман тапшылығына тап болғандардың бірі - Жомарт Омаров. Кәсіпкер топырақ өңдеуді 4 жыл бұрын қол алған. Сегіз мың гектар жерде егін еккен диқан жуырда майлы дақылдарды меңгере бастады. Алайда, кәсіпорында білікті агрономдар жетіспейді, дейді ол. Шаруа ендігі жылы мал шаруашылығына да бет бұрмақ. Кадр мәселесі бұл бағытта да мәз емес.

Жомарт Омаров, «Шағала агро» ЖШС директоры:

Бізде қазір үш шаруашылық бар. Оның екеуінде агроном мамандығы жоқ. Біз мал шаруашылығын көтереміз дейміз. Белгілі дәрежедегі мамандарсыз біз алға баса алмаймыз. Ол мал дәрігері болсын, зоотехник болсын. Университетте студент санын көбейту керек. Өте көп тапшы.

Бірақ шенеуніктердің айтуынша, қазір шаруашылықтардың 93 пайызы білікті маманмен қамтылған. Былтыр 300-ге жуық адам жетпесе, биыл бұл көрсеткіш 200-ге дейін қысқарған.

Нұржан Бұхаров, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Мал шаруашылығындағы зоотехник, мал дәрігерлері ол жағынан тапшы болып тұр. Меніңше, бұл тез болмаса да, жуық арада бұл мәселе шешіледі.

Абзал Құрманкин, тілші:

Аймақта кадр мұқтаждығын жою үшін кәсіпкерлер жеке гранттар бөле бастаған. Алайда бір баланы оқытуға кемінде 1,5 миллион теңге қажет. Қомақты қаражат шаруалардың қалтасын қағады. Сондықтан олар білім саласына деген мемлекеттің демеуін арттыруды сұрайды.

А.ҚҰРМАНКИН