Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда Скандинавиялық жүру әдісі бойынша алғаш рет жарыс өтті

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2019
  • 5541

Қазақстанда Скандинавиялық әдіспен жаяу жүру үрдісіне қызығушылық артып келеді. Демалыс күндері тұңғыш рет Алматыда арнайы жарыс өтті. Фестивалге 200-ден астам қатысты. Қазақстандықтардан тыс Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан қатысушылар келді.  Скандинавиялық жүру әдісі әлемнің көптеген елдерінде өзін мойындатқан. Батыс елдерінде оған деген қызғушылық өткен ғасырдың 90-шылдары ерекше болды. Ал Қазақстанда ол соңғы үш жылда насихатталып, онымен айналысатындар көбейіп келеді. Басында экзотика болып көрінген спорттан енді арнайы жарыстар өткізіле бастады.   

Алматылық Серік Тұржановтың жасы 56-да. Соңғы жылдары Скандинавиялық жүрумен белсенді айналыса бастаған. Екі жыл ішінде өзімнің денсаулығы түзеліп, физикалық тұрғыдан жақсы сезінетін болдым дейді. Бүгін ол жарыс алаңында да бағын сынап көрді.

Серік ТҰРЖАНОВ, СКАНДИНАВИЯЛЫҚ ЖҮРУДЕН ФЕСТИВАЛЬ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Бұл халықтың спорты, бір демократиялық спорт түрі. Неге десеңіз, мына таяқты 5- 10 мың теңгеге сатып алуға болады. Ешқандай инвестиция керек емес. Жол жоқ жерде де, асфальта да жүре беруге болады. Сондықтан бұл спорт халыққа керек деп ойлаймын.

Скандинавиялық жүруден тұңғыш фестивалді Олимпиада жүлдегері Елена Хрусталева жетекшілік ететін қор ұйымдастырды. Шаңғының таяғын алып, арнайы әдіспен жүруден жарысқа 200-ден астам адам қатысты. Ең жас қатысушы 14-те. Жүрумен кәсіпқой айналысатындар 2 шақырым жолды еңсеруі тиіс болды.

Елена ХРУСТАЛЕВА, ЕЛЕНА ХРУСТАЛЕВА АТЫНДАҒЫ ОЛИМПИАДАЛЫҚ ҚОР ДИРЕКТОРЫ:

Бұл шараның мақсаты- қарапайым адамдар арасында бұқаралық спортты дамыту. Салауатты өмір салтына жетелейтін Скандинавиялық жүру әдісі жас талғамайды. Бізде велосипед тебуге, жүгіруге жағдайлар жасалған. Бірақ кейбір адамдардың оған денсаулығы жарамауы мүмкін. Ал скандинавиялық жүру әдісімен кез-келген адам айналыса алады.

Спорттың бұл түрі Батыс Еуропада, Скандинавия түбегінде өте танымал. Қазақстан енді оны кәсіби деңгейге көтеріп, фестиваль емес, қомақты жүлде қоры бар жарыстар өткізуді көздейді. Елімізде халықтың кем дегенде 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысуы керек дейді, мамандар. Бұл межеге жету үшін Скандинавиялық жүру әдісін насихаттау да маңызды. Келесі фестиваль күзде Алматыда өтеді.

Р. Асқарбекұлы