Ал астаналық шенеуніктер жыл соңына дейін 2000-ға жуық көпбалалы отбасы баспаналы болады, деп білек сыбанып отыр. Бүгін бас қала әкімдігі тегін 5 жылға берілетін 150 арендалық пәтердің сертификатына құжат қабылдау басталғанын мәлімдеді. «Берекелі баспана» бағдарламасы аясындағы сертификат үй кезегінде алғашқы болып тұрған көпбалалы отбасыларға беріледі және олардың табыс көлемі ескерілмейді. Екінші кезең қараша айында тағы 100-ден астам отбасы арендалық пәтермен қамтылса, үшінші кезең желтоқсанда 600 пәтер қолданысқа беріледі.
Ерлан ҚАНАЛИМОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қалай құжаттарын дәлелдеп өтеді, дайындап, осындай сертификат алатын болады. Бұл сертификатпен шілде айының 15-і мен тамыз айының 1-не дейін өздерінің үйіне кіреді. Әкімдіктің тұрғын үй қорымен келісімшартқа отырады 5 жылға және де ол келісімшартты ары қарай создыруға болады. Ешкім де ол кісілерге 5 жылдан кейін босат, өйт-бөйт деген әңгіме болмайды.
Сондай-ақ арендалық пәтерден бас тартып, өзі пәтер алғысы келетіндерге алғашқы жарнасы 10 пайыз, жылдық үстемақысы 2 пайызды ғана құрайтын ипотека ұсынып отыр. Алғашқы жарнасы болмағандарға қайтарымсыз негізде әкімдіктен 1 миллион теңге сертификат беріледі.
Ерлан ҚАНАЛИМОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазақстан жинақ құрылыс банкі арқылы кредитпен несие алу мәселесі. Ол бағдарламаның ережесі бекітілді. Біздің есебіміз бойынша 17-ші маусыммен шілденің басы аралығында бағдарлама іске қосылуы керек. Біз осы жылы 1 мың сертификат беруді дайындап отырмыз, 1 миллиард ақша бөлінді.
Ал берілетін пәтерлер 2 және 3 бөлмелі эконом санаттағы мемлекеттік бағдарламамен салынған. Үміткерге қойылатын негізгі шарт 3 жыл астанада тіркеу болуы қажет. Үй кезегінде 49 мыңнан астам астаналық бар, оның 3 мыңнан астамы көпбалалылар.
Ә. Өмірзақ