Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда түрмедегі әйелдер балаларымен кездесті

  • AstanaTV
  • 06 маусым 2019
  • 2821

Түрмедегі кездесу. Қарағанды облысында абақтыдағы әйелдер жазғы демалысқа шыққан балаларымен кездесті. Ашық есік күнін Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен түзету мекемесінің қызметкерлері арнайы ұйымдастырған. Елімізде тұңғыш рет өткен «жылы жүздесу» жылдар бойы бір-бірін көрмеген жақын жандарды бей-жай қалдырмады.  

Абайсызда адам өлтіріп, абақтыға түскен Наталья Санина ұлы Артемды 4 жыл бойы көрмеген. Әп- әдемі болып өсіп қалған ұлымен кездескенде көз жасын тия алмады. Артем да анасын қатты сағынған. Балалар үйінде түскен суреттері мен өзінің өмір- баян кітапшасын көрсетіп әлек болды. Ал, Наталья баласына өз қолымен бас киім тоқып қойыпты. Бірақ бәрінен де Артемға арнап жазған өлеңі ұнады.

Наталья САНИНА, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:

Желаю тебе добра и удачи! Артемка, ты самый чудесний мальчик. Пусть добрые люди тебя окружают. И знай , что мама тебя обажает. - Спасибо, мама.

17 жастағы Кимран да анасымен 7 жылдан кейін кездесті. Жылдар бойы ойланып, толғанып, қобалжып жүргенін жасырмады. Ол шешесінің кезінде есірткі тұтынып, сату салдарынан түрмеге түскенін білсе де түсіністікпен қарайтынын айтып ағынан жарылды.

Кимран ПОПАЯН, ТЕМІРТАУ ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР АУЫЛЫНЫҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:

Мен осында келерде, жолда да қатты қобалжыдым. Қаншама жылдар өтті. Бірақ, анам сол бала кезімдегідей еш өзгермеген секілді. Балалар үйіндегі тәрбиешілерім де «сенің мамаң әдемі» деп айтатын. Расында да менің анам мен үшін әлі де мейірімді ана кейпінде қалған.

Ал, 13 жасар Мишель тұңғыш рет туған күнін түрмеде тойлады. Анасына арнап торт пісіріп әкеліпті. Шешесі болса қызына сыйлықтар алдырып қойған. Осылайша Теміртаудағы балалар ауылының тәрбиеленушілері жылдар бойы көрмеген аналарымен қауышып, сағынышын басты. Олар енді екі күн бойы шешелерінің жанында болады. Бірге тамақ пісіріп, бірге түнейді. Ашық есік күнін Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері жазғы демалысқа орай арнайы ұйымдастырған.

Оксана ЛАПТЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ КӨКСУ АУЫЛЫНДАҒЫ АК 159/9 ТҮЗЕТУ МЕКЕМЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Олар да ойланып, балалары үшін түзеліп, аяқтарын шалыс баспаса екен деген мақсатпен кездесу ұйымдастырдық. Негізі балалар аналарымен екі ай сайын екі сағат қысқа мерзімге кездесе алады. Ал үш айда бір рет екі күндік кездесу де қарастырылған.

Әйелдер абақтысында отырғандардың көпшілігі алаяқтық, ұрлық, есірткі саудасы мен адам өлтіру секілді ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. Кейбірінің 10 жылға жуық жаза мерзімі бар. Бірақ, көбісі рақымшылықпен мерзімінен бұрын босап шығуға үмітті. Балалар да аналарының тезірек үйге оралғанын тілейді.

А. Қуаш