Русский Сайттың толық нұсқасы

Кандидаттардың барлығы елордада дауыс берді

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2019
  • 1756

Президенттікке кандидаттардың көбі сайлау учаскелеріне отбасымен келген. Ал Жамбыл Ахметбеков ең алғаш болып дауыс берген кандидат атанды. Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды мәлімделер жасап үлгерді. Қазақстанда әлеуметтік сенім комитеті құрылатынын айтты. Жеті кандидат та өз жеңістеріне аса сенімді екендерін білдірді. Үміткерлердің учаскелердегі жарқын сәттерінен Абай Сейфулланың сюжеті. 

Гүлшайра АХМЕТБЕКОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ ЖАМБЫЛ АХМЕТБЕКОВТІҢ АНАСЫ:

Нешінші сайлауға келіп отырсыз осымен? - Құдаай, 91-дегі адам нешінші сайлауға келеді. Иә...

Бұл Президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің анасы. Баласына батасын беріп, келінін ертіп сайлауға келген. Саяси додаға түсуден тәжірибесі бар коммунистің бұл жолғы үміті бұрынғыдан зор. Учаскеге таң атпай келуінің себебін Кеңестік кезеңнен қалған жақсы әдеттің бірі дейді. 

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ:

Сайлауға қатысқанда ешкім жеңілем деп келмейді, жеңем деп келеді. Сондықтан да біздің істеген, атқарған жұмыстарымыздың барлығы дұрыс болды, халықтың көңілінен шықты деп санаймыз. Сондықтан жеңіс біздің жақта. 

Ал «Ауыл» партиясының кандидаты Төлеутай Рақымбековтің жұбайы елдегі бірінші ханым атануға дайын. Өзі үкіметтік емес ұйымдарды басқаратын ол, қайырымдылық шараларымен айналысар едім дейді.

Салтанат РАҚЫМБЕКОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ ТӨЛЕУТАЙ РАҚЫМБЕКОВТЫҢ ӘЙЕЛІ:

Төлеутай Прездиент болатын болса, оның жанында халқының мүддесінне шығатын, нағыз игі шарларады жүргізуге мен ат салысатын едім.

Қазақстан тарихындағы тұңғыш әйел кандидат Дәния Еспаева бір ай дұрыс ұйықтамағанын, аздап шаршағанын жасырмады. Жақсы көретін жеңгесі, әжесі қолдап келген «ақжолдық» үміткерді жақтаушы ер адам көп екен. Ұлттық құндылықтардың насихаттаушысы Сәдібек Түгел болса, учаскеге сүлік қара тұлпарымен, сүйікті шапанымен жетті. 

Сәдібек ТҮГЕЛ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ:

Иә, мен кәдімгі қазақпын! Қазақтың ішінен шыққан, халықтың арасынан шыққан, ауылдан шыққан. 

Әміржан Қосанов халықтың осы сайлаудағы белсенділігіне қуанып отыр. Себебі - тәуелсіз бақылаушылар бұрынғыдан көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барынша демократиялық сайлау өткізуге күш салғанын айтты. 115-учаскеде дауыс берген ол жастар тарапынан көрсетіліп жатқан наразылықтардан хабардармын, сондықтан арада диалог орнау үшін сенім комитетін құрамыз деді. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен әр түрлі жаңалықтарды естіп жатырмын. Бұл - халықтың таңдауы. Егер кейбір азаматтар осындай ұрандар тастайтын болса, енді олардың таңдауы осылай. Қайтеміз енді...Наш народ волнует многие вопросы социольно-экономического положения. Поэтому выборы это хороший случай, для того чтобы определиться. 

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:

Кәсіподақтар федерациясынан ұсынылған Амангелді Таспихов ең жоғары дауыс жинайтын кандидаттың бірі болатынына сенімді. Яғни, оның ойынша, сайлаудың екінші туры да өтуі мүмкін. Дегенмен уақыт тығыздығына байланысты Таспихов та Қазақстанның барлық аймақтарын түгел аралай алмаған. Дауыс беру осы сағатта толық аяқталғандықтан, кандидаттарға нәтижені күту ғана қалды. Түнгі 12-ден кейін алдын ала болжам бойынша жеңімпаздың есімі белгілі болады.

А. Сейфулла