Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда бюллетеньді қосарлап салған адамға айыппұл салынды

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2019
  • 2101

Алматыда бір адам екі бюллетень толтырмақ болған. Бұл келеңсіздікті қалалық сайлау комиссиясындағылар растады. Төрайым Жанна Асанованың айтуынша, заңсыздыққа жол берген учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі. Оған айыппұл салынған. Алматыдағы науқан туралы келесі бейнематериалда.

Бүгін алматылықтар үшін ауа-райы қолайлы болды. Дауыс беруге ешқандай кедергі болған жоқ. Алғашқы лекпен студенттер мен қазақстандық эстрада жұлдыздары келді. Ал Бибігүл Төлегенова алған жарақатына байланысты дауысты үйден беріпті.

Бірқатар сайлау учаскелерінде ұзын-сонар кезек таңертеңгі дауыс беру басталмай жатыр түзілген. Көпшілігі үшін бұл өміріндегі алғашқы маңызды науқан.

Нина СУСЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Еліміз тыныш болып, тұрмысымыз мұнан да жақсарғанын қалаймын. Зейнеткерлерге көбірек көңіл бөлініп, жастар жетістікке жетіп, әсіресе медицина саласы жақсарса екен.

Алматылық жастар дауыс беруде ғана емес, байқау, бақылау жағынан да белсенді бүгін. Әрбір сайлау учаскесіндегі байқаушылар қатарында үкіметтік емес жастар ұйымының өкілдері бар.

Аңсар ӘУБӘКІРОВ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАСТАР АҚПАРАТТЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАҚЫЛАУШЫСЫ:

Менің қолымда қойын дәптерім бар. Оны өзім толтырып тұрмын. Қандай да бір кемшіліктер болғанын көрсем бірден акт толтырып, үйлестірушімен байланысамын. Менің міндетім - сайлаудың әділ өтуін қадағалау. 

Күні бойы сайлау барысында халықаралық байқаушылар брифинг өткізіп отырды. Сайлау учаскелерінде әр елден келген алпысқа тарта байқаушы кезекшілік етті. Олардың сөзінше, аса бір заңсыздықтар болмаған.  

Виолетта ПОКРОВСКА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУШЫ \ПОЛЬША\:

Сайлаудың ашық өтіп жатқанын атап өткім келеді. Біз әртүрлі тақырыпты сөз еттік. Учаскелерде жастар өте көп. Бұл олардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді. 

Қалалық сайлау комиссиясындағылар алматылықтардан шағымдар түскенін айтты. Олардың дені қалың кезекке қатысты. Бұған жақын маңдағы жатақханадан студенттердің көптеп келуі себеп болған. Мамандар бума-бума жәшікке бюллетень салынғанын растамады. Бірақ Алатау ауданындағы байқаушылар сайлаушының екі парақ алғанын байқаған.   

Жанна АСАНОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Алатау ауданында қосарлап бюллетен салынғанын байқаушылар байқап қалды. Жаңылысқан комиссия мүшесіне айыппұл салынды. Ол шынында шатасқан. Берген бюллетені бір біріне жабысып қалған болып тұр. Соған қарамастан оған шара көріліп, ол комиссия құрамынан шығарылды.

Алматыда 500-ден астам сайлау учаскесі ашылған. Ал мегаполистегі сайлаушылар тізімінде 1 миллионнан астам адам бар. 

Ө. Қуанар