Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда бір жыл бұрын бес студенттің өмірін жалмаған өрттен соң ешкім әлі соталған жоқ

  • AstanaTV
  • 25 қазан 2017
  • 2958

Алматыдағы «Алматы тауэрс» кешенінде 6 адамның өмірін жалмаған өрт оқиғасына бір жыл өтсе де, ешкім жазаланбаған. Көпсалалы кешенде батут орталығын салып жатқан компания басшысы қамауға алынғанымен, Дәурен Тұяқов кепілдікпен бостандыққа шыққан. Онымен бірге сотта дәнекерлеушінің бірі қылмысқа күдікті ретінде сұралып жатыр. Бұл туралы танымал заңгер Джохар Өтебеков біздің арна тілшілеріне айтып берген болатын. Ришат Асқарбекұлы тарқатады.

Қаза тапқан 6 адамның бірі - Қазақ ұлттық университетінің студенті Еламан Айдарәлиевтің туыстары өткен жексенбі жылдық асын берген. Ол Алматы маңындағы Байсерке ауылында тұратын отбасының тұңғышы болатын.

Жанысбек Айдарәлиев, Еламанның әкесі:

Сотқа екі рет шақырды. Бір рет қайын ағам барды. Сосын өзіміз бардық. Кешірім бердік. Ол да жас бала, оның да жас балалары бар екен. Оны соттатқаннан не пайда? Кешірім сұрап келді. Жерлеуге көмектесті.

Марқұмның әкесі төтенше оқиғаға жол берген деп айыпталған Дәурен Тұяқовты кешіргенін айтады. Оқиғадан соң көп ұзамай қамауға алынған батут орталығының директоры кепілдікпен босап шыққан. Бірақ өртке қатысты сот процесі әлі аяқталмапты. Бостандық ауданында қаралып жатқан іс бойынша басты күдікті ретінде құрылыс нысанында дәнекерлеуші болып жұмыс істеген жұмысшы да сұралып жатыр. 

Джохар Өтебеков, Д.Тұяқовтың адвокаты:

Тергеу барысында басты күдіктілердің бірі ретінде дәнекерлеуші жауапқа тартылды. Оны өрттің тұтануына себепші болуы мүмкін деп отыр. Сот барысында әркім өзінің жазасын алады деп ойлаймын. Ал Тұяқовты кепілдікпен жіберуінің себебі - адамды ұзақ уақыт оқшаулап ұстаудың реті. Ол ешқайда қашпайды, сот отырысына келіп жүр.  Ал кепілдік соммасын айта алмаймын.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Бір мезетте алты адамның өмірін қиған жантүршігерлік өрттен соң ғимаратта не өзгерді. Төтенше жағдайлар департаменті ғимараттың өрт қауіпсіздігіне қатысты тексеріс қортындылары туралы ақпарат беруден бас тартты. Ал алапат өрттен соң құр қаңқасы қалған қосалқы ғимартқа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Оқиға былтыр 6 қарашада кешқұрым болған еді. Құрылыс нысанында келісімшартсыз жұмыс істеген адамдардың ішінде 5 студент қаза тапты. Олардың екеуі - Сәтбаев техникалық университеттің студенті, тағы біреуі - Асфендияров атындағы медициналық университеттің 4 курс студенті. Қалған екеуі Қазақ ұлттық университетінің тәлімгері болатын. 6 адамның өліміне қатысты кезекті сот отырысы 30 қазанға белгіленген.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ