Алматыда науқастың іш құрылысына ота жасалып, 20 келі қатерлі ісік алынды. Күрделі операция бірнеше сағатқа созылғанымен, науқас қазір ауруынан толығымен айыққан. Бұл туралы қалалық 4-ші аурухана дәрігерлері айтты. Халықаралық дәрігерлер күніне орай, Гиппократ антына берік дәрігерлер жайлы Данияр Әлімқұл баяндайды.
Балақайдың осылай шапалақтап, шаттануы жарық дүниеге жаңадан келгенін сәби жүрегі сездіргендей. 4 айлығында Матвейге дәрігерлер «краниостеноз» диагнозын қояған. Яғни баланың бас сүйегі дұрыс емес, алдыңғы бөлігі өсіп, қалған бөлігі қысқара бастайды. Жуырда оған ота жасалыпты.
Екатерина СОКОЛОВА, АНАСЫ:
Дәрігерімізге деген алғысымызда шек жоқ. Мирсаид Байматовқа қарыздармыз. Ол ұлыма қайтадан өмір сыйлады. Баламның бассүйегінің көлемі бұзылып, деформацияға ұшыраған. Ми тіндерінің тігістері өсе бастады. Бізге өте ауыр болды. Ота жасатуға қорықтық. Бірақ біздің Таразда тәжірибелі әрі сауатты дәрігерлер барын білмедік.
Медицина саласында небәрі 5 жылдық тәжірибесі бар нейрохирург Мирсаид Байматов ауыр операция 3 сағатқа созылып, сәтті аяқталғанына өзі де дән риза. Ол Қырғызстан медицина академиясының түлегі, бұл оның 500-ші отасы.
Мирсаид БАЙМАТОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАЛАЛАР НЕЙРОХИРУРГЫ:
Операцияға дейін Матвейдің тыныс алуы тарылып, естіп- көруі, дамуы тежеле бастады. Ал отадан кейінгі 1 сағаттан соң баланың тыныс алуы реттелді. Ал бір тәуліктен соң палатаға ауыстырдық. Қазір баланың жағдайы жақсы. Өзінің жасына сай дамып, жетілуі тұрақты жүріп жатыр. Мұндай диагнозы бар балаларға ота тегін жасалады.
Ал Алматыда 50 жастағы келіншектің іш құрылысында пайда болған қатерлі ісікті алу операциясы сәтті өткен. Бірнеше сағатқа созылған ота кезінде 20 келіге жуық ісікті алыныпты. Күрделі операциядан кейін беті бері қараған науқас қазір үйіне шығарылған. Дәрігерлер ауруды асқындырмаса науқастың өмірін сақтап қалуға үміт бар екенін ескертеді.
Болат ТҮСІПХАНОВ, АЛМАТЫ қ. №4 МКК ХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Бізге көп жағдайда ауруды асқындырып келетіндер көп. Біз ондай кезде өмірін сәл ұзартуға ғана мүмкіндік береміз. Ал кейде тіпті өте ауыр жағдайда түсіп жатады.
Қостанайлық Әлия Рысмұхамедованың өзі де медбике. Ол салмағы 700 грамм, бойы 26 сантиметр сәбиді дүниеге әкелген. Шала туған нәрестесін аман алып қалған әріптестеріне алғыстан басқа айтары жоқ. Қазір бөбегі балабақшаға барып жүр.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:
Медицина мамандығының қоғамдағы орасан орны жайлы Президент те бірнеше мәрте айтқан болатын. Ол жуырда өткен ұлықтау рәсімінде олардың мәртебесін көтеруге шақырды. Биылдан бастап жалақыларын 30 пайызға көтерді. Енді қағазбастылықтан арылып, науқасқа көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасауды тапсырды.
Д. Әлімқұл