Жыл басынан бері 20 мың алматылық жүргізуші куәлігін алған. Бұл туралы мегаполистегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері «Nur Otan» партиясының хатшысымен кездескенде хабарлады. Илья Теренченко бүгін қаладағы халыққа қызмет көрсету орындарын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты. Арнайы орталықта биылдың өзінде 100 мыңнан астам көлік құралын тіркеу қағазы берілген. Мекеме күн сайын мың жарым адамға қызмет көрсетеді. Ал көлік иелері қажетті құжаттарын онлайн да ала алады.
Сәкен БАЙҒАЛИЕВ, АЛМАТЫ қ. МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Электронды үкімет» порталы арқылы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметтерін пайдалануға болады. Көлігіңізді тіркетіп, жүргізушілік куәлігіңізді ала аласыз.
Партия хатшысы миграциялық қызмет орталығына да барды. «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталық шетелдік азаматтардың құжаттарын бірнеше минутта рәсімдеп береді.
Илья ТЕРЕНЧЕНКО, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының нәтижелі жұмысын ерекше атап өту керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында басымдық берілген бағыттардың бірі - азаматтарға қолайлы жағдай жасалуы керектігі ескерілуі тиіс. Бүгінгі кездесу қорытындысы бойынша кейін ұйғарым жасалып, осы жұмыстарды одан әрі жақсарту мақсатында ұсыныс беріледі.
Е. Карин