Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақмола облысында ұшақ құлады

  • AstanaTV
  • 20 маусым 2019
  • 3053

Ақмола облысында ұшақ құлады. Әуе техникасы егіс алқаптарын химиялық өңдеумен айналысқан. Төтенше жағдайлар комитетінің ақпараты бойынша АН-2 ұшағы Родина ауылының маңында апатқа ұшыраған. Салдарынан ұшқыш қаза тапты, жарақат алып, күйіп қалған экипаждың қалған екі мүшесі астанадағы травматология орталығына жеткізілді. Олардың жағдайы ауыр, бас-сүйегі зақымданған дейді дәрігерлер. Толығырақ Нұрсұлтан Біләл жалғастырады.

Куәгерлердің айтуынша экипаж мүшелері таңғы сағат 6-дан бастап мына алқаптарға тынайтқыш себу үшін рейске шыққан. Ал сағат 10-дар шамасында АН-2 ұшағы дәл мына жерге құлдыйлап келіп құлайды. Оқиға орнында бір экипаж мүшесі тіл тартпай кетті. Авиохимиялық қолданыстағы ұшақ таңнан бері 5 рет алқапты әуден химиялық қоспалармен өндеп үлгерген. Кезекті рейсте ұшақ электр бағанасына соғылған.  

Виктор ЖМУРИК, КУӘГЕР: 

Ол ұша бастаған кезде біз мына жақын жерде болдық. Өз жұмыстарымызбен айналысып жатқанбыз. Бірнеше секундта қатты соққының дауысын естідік. Ұшақ жанып жатыр екен. Тез арада сол жерге бардық. Су тасушы көлікті алып өз күшімізбен өртті ауыздықтай бастадық. Жақындаған бетте адамның көмекке шақырған дауысын естідік. тез арада жедел жәрдем мен құзырлы органдарға хабар бердік.

Ұақ электр сымын үзіп барып құлаған. Оның тұмсығы мен бір қанаты мүлдем жанып кеткен. Ал жер иесі "Родина" агрофирмасының бас аграномы техника "Навигатор" компаниясына тиесілі дейді. Арадағы келісім шарт бойынша бір АН-2 ұшағы 15 гектар жерді химиялық қоспалармен өндеуі керек болған. Дегенмен, аграном ұшақ құлаған жерге ешқандай дән егілмеген деп отыр. Қаралы борттың не себепті бұл жерден ұшқаны да кезекті сұрақ дейді ол.  

Қанат ӘДІЛБЕКОВ, "РОДИНА" ЖШС БАС АГРОНОМЫ: 

Бұл ұшақ "Навигатор" ЖШС-ің иелігінде. Олар бізге жалдамалы түрде әуе арқылы тынайтқыш себу қызметін көрсетеді. Компаниямен 10 жылдан астам уақыт бойы серіктеспіз. Бұл алғашқы төтенше жағдай. Бірақ, ұшақ неге егін жоқ жерге құлағаны бізге би мәлім. Өйткені олар өзге, тіпті бұл жерден алшақ орналасқан алқаптарды өндеулері керек еді. Неге бұл жерге ұшып келгендерін білмей отырмыз.

Оқиға орнында мерт болған командирдің мүрдесін біздің көз алдымызда алып кетті. Қаралы бортта болған тағы бір ұшқыш пен техник-көмекші ауыр халде жан сақтау бөлімінде жатыр.  

Желеухан АБДРАЙЫМОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ СТАЦИОНАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Нұр-Сұлтан қалалық орталық аурухананың барлық дәрігерлері науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресуде. Қазіргі шокпен күрес жүргізіп жатыр дәрігерлер. Ендігі мақсат қазір шоктан шыққан жағдайда науқастың бас миының басынқы сынығына байланысты науқасты отаға алады.

Ан-2 ұшағы әмбебап, оны азаматтық немесе техникалық авиацияда кеңінен қолдануға болады. Әуе кемесі 1947 жылы Совет одағында құрастырылған. Қытай және Полшада шығарылады. Ұшақтың 18 мың данасы бар. 26 елде қолданыста. Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданындағы Родина ауылының маңында құлаған ұшақтың техникалық жағдайы жайлы компания өкілдері ләм-мим деген жоқ. Журналистерге сұхбат беруден олар бас тартты. Мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.  

Руслан ИМАНҚҰЛОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: 

Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданынд ұшу барысында әуе апаты орын алды. Апатқа ұшыраған арнайы авиахимиялық қолданыстағы Ан-2 ұшағы екені анықталды. Әуе кемесінің апатқа ұшырау себебін анықтау мақсатында тергеу жұмыстары басталды.

Нұрсұлтан БІЛӘЛ, ТІЛШІ:

Жауаптылар бірқатар техникалық сараптаманың тағайындалғанын айтып отыр. Оның қортындысы жақын күндері жариялануы керек. Сонда апаттың не себепті болғаны анықталуы мүмкін. Ал тергеу амалдары әлі жалғасын табады.

Н. Біләл