Русский Сайттың толық нұсқасы

Кітапхана қорын сандық жүйеге көшіруде кедергілер бар

  • AstanaTV
  • 21 маусым 2019
  • 3744

Кітапхана қорын цифрландыруда проблема шаш етектен. Бүгін Алматыда өткен отандық кітапхана басшыларының жиынында осы мәселе кеңінен көтерілді. Жиналғандардың айтуынша, жаңашылдықты енгізуге авторлық құқық заңы кедергі болып отыр. Электронды нұсқаға көшіру үшін, шығарма авторының ресми рұқсаты қажет. Алайда бұл оңай болмай тұр. Сондықтан 200 мың кітаптың төрттен бірі ғана сандық жүйеге көшірілген. Жоспар бойынша, кітапхананың электронды нұсқасын жасау 2020-шы жылға дейін ғана аяқталуы тиіс. 

Ажар ЮСУПОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақстандағы барлық кітапханада цифрландыру жүріп жатыр. Алайда, авторлық құқық туралы заң оған кедергі келтіруде. Сондықтан Заңды қайта қарастырса, кітапхана қорын толықтай уақытында цифрландыруға болар еді. Кітап палатасының дерегінше Қазақстанда шамамен 200 мың кітап болса, соның 50 мыңы ғана жаңа нұсқада жасалды. Бұл әрине өте аз көрсеткіш  

Сонымен қатар, жиналғандар бұл салада маман тапшылығы әлі күнге дейін шешілмей келе жатқанын айтты. Қазіргі кітапханашылардың тек жартысының ғана кәсіби білімі бар. Ал, жастардың құлшынысы жыл сайын азайып отырғанына алаңдаулы. Бұған жалақының төмендігі басты себеп дейді. Қазір кітапханашының орташа жалақысы 67 мың теңге, ал кітапхана меңгерушісі шамамен 87 мың теңге. Дейтұрғанмен, кітап оқуға деген құлшыныс артып келеді деді мамандар. 

Күлия АЙДАРБЕКОВА, ШЫМКЕНТ қ. «ОТЫРАР» ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:  

Оқырмандар жыл сайын көбейіп келе жатыр, өткен жылғы оқырмандар саны 20 мың болып жатса, соңғы 5 айда оқырмандар саны тағы көбейіп жатыр. Жылдың соңына дейін 38 мың оқырман болады деп біз жоспарлап отырмыз. Өте көп балалар оқиды. Бір отбасына 5-6 адам келіп жатқандар бар.