Арыс қаласынан снарядтарды басқа жаққа көшіруге қаржы жетпеген. Мұндай мәліметті Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Марат Бектанов айтты. Ал снарядтар елді мекеннен 3 шақырым қашықтықта болуы тиіс деген талап та сақталмай келген. Үкімет отырысынан Абай Сейфулла жалғастырады.
Бүгінгі Үкімет отырысы төтенше жағдай жарияланған Арыстағы жағдайға арналды. Апат орнында жүрген Қорғаныс минисрінің орнына оның бірінші орынбасары келді. Мұрат Бектанов бомба үстінде отырған халықтың қауіпсіздігі үшін жарылғыш заттарды көшіру ісі 2005 жылы басталғанын айтты. Бірақ басталған істі аяқтауға қаржы жетпепті. Ақыры соғыс кезінен қалған бомбалар қаланы аста-кестең етті.
Мұрат БЕКТАНОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Өкінішке қарай, қалаға 200 метр жерде де снарядтар бар. Біз 10 шақырым қашықтыққа дейін алыстату үшін бірнеше рет әрекеттенгенбіз. Бірақ ол үшін адамдарды көшіру керек. Оның үстіне 800 метр жерде теміржол бар. Оның бәрін қозғалту қажет. 2005 жылдан бері қару-жарақты басқа қоймаларға көшіруді бастағанбыз. Қаржы жетпегендіктен үлгермедік.
Қойма 1960 жылдан бері бар. Базада 400 адам жұмыс істеген. Онда құрлық әскерлеріне арналған артиллериялық, атқыш және ракеталық типтегі қару-жарақ сақталған. Құтқарушылар бұған дейінгі тексерулерде ешқандай кемшілік таппапты. Ал иесіз қалған қалада бүлінгеннен бүлдіргі іздегендер тыйылмай тұр. Дүкен тонаған, үйге ұрлыққа түскен үш адам ұсталыпты. Жұрттың мал-мүлкі қолды болмас үшін 300-ден аса полицей үйлерді күзетіп жүр.
Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Бүгін Арыс қаласы жабық. Соперлар жұмыс істейді. Қаланың сыртында үш бекет тұр. Ешкімді қалаға кіргізбейді де, ешкімді қаладан шығармайды да. Енді бір-екі күнде жұмыс бітеді деп ойлаймын.
Атылған снарядтардан 20 шақты үй мен қора-қопсыға зақым келді. Тіпті дала өрті де тұтанған. Электр желілері үзілген. Соққы толқынынан үйлердің терезелері қирап қалыпты.
Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Комиссия жұмысы Қорғаныс министрлігінің соперлық бөлімшелерінің жұмыстары аяқталғаннан кейін басталады. Әкімшілік тарапынан тиісті өтініш беріліп, тиісті есептеулер жасалғаннан кейін қалпына келтіру жұмыстарына мемлекеттік материалдық резервінен құрылыс материалдары бөлінеді.
Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:
Премьер-министр Асқар Мамин қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтты. Әлеуметтік көмек көрсетіліп, қаланы шұғыл қалпына келтіру жұмыстары қолға алынатынын жеткізді. Апат болған күні 45 мың халқы бар қаладан 39 мың адам жан сауғаласа, 3 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланған. Ал адасқан балалардың түгелі ата-аналарымен қауышыпты.
А. Сейфулла