Жарылыстан зардап шеккендер қорына 213 миллион теңге аударылған. Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі осындай мәлімет таратты. "Түркістан" әлеуметтік даму корпоративтік қорына қаражат 24-і күні түсе бастаған. Бүгін гуманитарлық көмек көрсетуде белсенділік танытқандар көп болыпты. Нұрсұлтан Назарбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған бірқатар мемлекет қызметкерлері біркүндік жалақыларын аударған. Олардың арасында депутаттар да бар. Қарапайым халық арасында жомарттық танытқандар көп болған. "Астана" арнасының ұжымы да біркүндік жалақыларын аудармақ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та халыққа есеп беру кездесуінде осы игі істі ведосмствоға қарасты мекеме қызметкерлері де жалғастырғанын айтты. Министр Арыс тұрғындарына қол ұшын созған қазақстандықтардың саны көп деп отыр. Дәурен Абаев "Арыс, біз біргеміз" жалпыхалықтық акциясы елдегі бірлікті танытты" деді.
Дәурен АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Осындай тосын оқиғаларда жұдырықтай жұмыла білетін бірлігімізді көрсеттік. Арыстан уақытша эвакуацияланған ағайындарға Қазақстанның түкпір-түкпірінен көмек беруге ықылас танытып жатқан азаматтардың саны да артып жатыр. Кешеден бері "Арыс - біз біргеміз" деген акция ұйымдастырылып жатыр. Біз де арыстықтармен біргеміз.