Русский Сайттың толық нұсқасы

Арыстағы 16 үй толықтай қайта тұрғызуды қажет етеді

  • AstanaTV
  • 28 маусым 2019
  • 2323

Арыстағы 16 үйдің күлі көкке ұшты. Олар толықтай қайта тұрғызуды қажет етеді. Ал кәсіпкерлер миллиондап шығынға батқандарын айтады. Бүгін үйлеріне қайтқан арыстықтардің кейбірі не қуанарын, не жыларын білмеді. Көшкен керуенмен Арысқа барған тілшіміз Айзада Төребекқызы толығырақ баяндайды.

Төрт күннен бері безіп жүрген қала тұрғындары бүгін автобусқа мініп, Арысты бетке алды. Лек-легімен келген керуенді әкімдік өкілдері қарсы алып, қауіпсіздікті ескертіп жатты. Бірінші үйіңіз бен аулаға кіргенде күдікті заттар болмауына көз жеткізіңіз дейді. Егер қандай бір күдікті зат анықтасаңыз оны ұстауға, жылжытуға болмайды.

Ал арнайы топ қираған үйлерді тізімге алып, кімге қандай көмек керегін сұрап жүр. Дүркін-дүркін жарылыстан дүкенін тастай сала жүгірген кәсіпкерлер заттарының қолды болғанын айтты.  

Көмек АСАНОВ, САТУШЫ: 

Екінші взрыв басталған кезде қашып кеттім осы жерден.18.02- кассада ақша болған. Мынаның ішінде заттар біздің есеп бойынша 5 млн-нан аса зат бар. келсек кейіннен бәрі тынышталғаннан кейін келсек, кассада ақшамыз жоқ. 100 мыңнан аса ақша болған. Онан кейін біраз заттар ұрланған.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Мен тұрған жер Арыс қаласының орталық көшесі. Артымдағы халыққа қызмет көрсету орталығы мен авто бекет. Оның есік-терезелері ғана шытынапты. Ал көшенің қарсы бетіне жарылғыш зат дөп түскен. Бір емес бірдей үш бірдей коммерциялық нысан отқа оранған. Тұрғындардың айтуынша отбасы мүшелері де осында тұрады. Алапат өрттен тіпті аулада тұрған темір тұлпардан да түк қалмаған. 

Ергөбек Мыңбаев мүлкін 100 млн теңгеге бағалап отыр. Оның қос дүкені, атшаптырым үйі мен тауар толы қоймасы, тіпті ауладағы үш бірдей автокөлігінің де күлі көкке ұшқан. Шатырға снаряд құлағанда шетте тұрған көлікке мініп құтылыпты.   

Ергөбек МЫҢБАЕВ, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Артымыздан 200 метрден кейін екінші бомба келіп түскен. -Үйге? -Магазинге түскен. Содан анау атылған, анау атылғаннан кейін төбеде жатқан екінші бомба ол да атылған. Содан қалған жағдай мынау енді. Үйден ештеңе алып үлгере алмадық..сейфтегі ақша бәрі кетті. Дым жоқ. Секунд, ана жерде әшейін қашып шықтық. Болды, басқа ештеңе.

Қалада жұмыс істеп жатқан экологтар ауа мен суда ешқандай зиянды заттардың жоғына сенімді.   

Махамбет ЖАЗЫҚБАЕВ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ауаға, Арыс өзенінің суынан және топырақтан и радиациялық фонд бойынша сынамалар алдық. Оны түнде лабораториялық толығымен анықтаулар жасап, ол анықтаулар ешқандай шектік мөлшерден аспағандығы туралы және ешқандай қауіп жоқтығы туралы айта аламыз.

Ендігі жұмыс бүлінген үйлерді есепке алу. Түркістан облысы бойынша құрылған штаб өкілінің мәліметінше Арыста 7 600 үйдің 85 пайызына түрлі зақым келген.  

Бейсен ТӘЖІБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ШҰҒЫЛ ШТАБЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Әзіргі есеп бойынша 16 үйге жарамсыздық актісі қаралып отыр және тағы да қосымша зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін тағы қосымша нақты айтатын боламыз. Ал ол азаматтарды әзірге басқа тиісті жатақханаларға, тиісті арнайы жайға бөліп, жайғастырып орналастырылып жатыр.

Жергілікті билік қалаға оралған жұртқа қажетті азық-түліктерді де жеткізіп бермек. Өйткені мұндағы дүкендер әлі жұмысын бастай қоймады. Ал туған жерге оралған халықтың бір ғана тілегі бар.  

Раушан САРГЕЛОВА, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді біздің астымыздағы снарядтарымызды бәрін алып кетіп босатып берсе екен. Біз де спокой душой астымызда ештеңе жоқ деп біз де нормально өмір сүре алсақ дұрыс болар еді.

  А. Төребекқызы