Русский Сайттың толық нұсқасы

Арыс халқы үйлеріне орала бастады. Уәде уақытында орындалуы керек!

  • AstanaTV
  • 29 маусым 2019
  • 3393

 Кеше Арыс қаласының тұрғындары үйлеріне орала бастады.Олар тағы да кз жастарына ерік беріп жатыр... Ал Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыста тұрмақ. Оның Шымкентте Арыс тұрғындарымен кездескенды «Арыста бір ай тұрамын» дегенін, облысты сол жерден басқарып, қаланы қалыпқа келтіру жұмысын қадағалайтынын кеңесшісі Сәкен Қалқаманов хабарлаған. Арыс қаласы 17 секторға бөлінген. Әр секторға бір облыс бекітілген. Облыстар өздеріне бекітілген секторды қалпына келтіреді.7600 үйдің барлығынде дерлік терезелері сынған, 80 процентінің шатыры қираған. Комиссия әрбір үйді қарайды – жөндеу көлемін анықтау үшін. Ұлттық компаниялар әлеуметтік нысандарды – мектептер мен ауруханаларды, халыққа қызмет көрсету орталығын жөндейді. Жөндегенде қалай болса, солай емес,(ал қалай болса, солай жасаған кездерді білеміз - мысалы, Қарағанды облысында суға кеткен үйлер қайта салынған, солар кейін көгерген), ел ренжімейтіндей жөндеу керек.

  Жұманың таңы Арыс жұрты үшін ерекше атқандай. Таңғы алтыдан тұрып алғандар эвакуациялық орталықтардың алдында тосып тұрған автобустарға асыға отырып жатты. Бір көйлекпен бас сауғалай қашқандардың көңілі сәл де болсын орнына түскен. Әрбірінің қолында біршама жүгі бар. Тіпті ауыз суды да ауырсынбай алып шығыпты. Өйткені қалада жарықтан бөлек, су да өшірілгенін жақсы біледі. Төрт күннен бері ошағынан безінген жұрт отанына оралғанына шүкіршілік етті.

Райхан Егембердиева, Арыс қаласының тұрғыны:  

Бала-шаға, немере - шөберенің бәрін тауып шұбырып жүрмін. Қазір Құдайға шүкір, тоба, бәрі түгел болды. Істеген еңбектеріне рахмет. Халқымның көмектестескеніне рахмет. Жатар орын тауып, ауқат тауып бергеніне рахмет. Басқа не айтам, елім тыныш болып, кішкентайлар аман болсын.  

Қаздай тізіліп Арысқа кіріп келген қоғамдық көліктерден түскендерді әкімдік өкілдері күтіп алды. Қауіпсіздік үшін. Қалаға көршілес аудандардан көмекке жұмылғандардың жұмысы қауырт. Олар жарылыстан енді ғана тазартылған үйлерге үй иесімен бірге кіріп, бүлінген дүниені де түгендеуде.      

  -Бірінші, үйіңіз бен аулаға кіргенде күдікті заттар болмауына көз жеткізіңіз, дейді. Егер қандай бір күдікті зат анықтасаңыз, оны ұстауға, жылжытуға болмайды... 

Дүйсенбіден бері уайымға батқан Раушан Саргелованың көңілі орнына түскендей. Ол жарылыс болған күні сыртқы қақпаны ғана кілттей қашқан екен.  

-Есік қираған екен. Стеклолары сыныпты, айналары...  

-Мына жағында ондай ештеңе жоқ па, көріңіз...

-Бұл жақта люстралар түскен екен...а так стеналары нормально екен..

Қатты толқын оның үйіне анау айтқан зақым келтіре қоймапты. Бірлі-жарым терезесінің сынғаны болмаса бүлінген мүлкі жоқ.  

Раушан Саргелова, Арыс қаласының тұрғыны:

Менің көңілім босап қираған үйлерді барлық нәрсені көріп келе жаттық. Үйіміз не болып жатқанын білмедік. Сол біздің жүрегімізді ауыртты. Үйіміз қандай халде екен, келгенде кіре аламыз ба, қандай болады деп. Ол қашан бітеді, не болар екен деп. Одан кеше соншалықты жанұшыра жүгіріп кеткеннен қалаға кірер кезде айтып жеткізе алмаймын, жүрегіміз ауырды. Бірақ туған жеріміз. Келгенімізге қуаныштымыз, осы жерде өсіп, туып... Біз елімізді, жерімізді қия алмаймыз қандай болғанда да. 

Дүйсенбі күні үйінен үдере көшкен жұрт көлігі бары көлікпен, жоғы жаяулатып бас сауғалай қашқан-тын. Арыстың 45 мың халқы эвакуацияланды. Олардың туған-туысты сағалағанынан өзгесі арнайы мектеп пен жатақханаларға жайғастырылып еді. Жарылыстан зардап шеккендердің жай-күйіне дүйім ел алаңдады. Қолдан келгенінше бірі ақшалай, дені заттай жәрдемін аямады. «Nur Otan» төрағасының бірінші орынбасары болған Мәулен Әшімбаев осы істе партияның белсенді әрекет етіп жатқанын айтты. 

-Халық өзінің бірлігін көрсетіп жатыр. Біз енді қашан да бірлікті ту еткен халықпыз ғой, соны көрсетіп жатырмыз. Облыстардан көмек келіп жатыр.  

Жарылыстан бас сауғалай қашқан халықтың бар уайымы баспанасының жайы. Кім жөндеп береді, күнім қалай болар екен?- деген сұрақ көкейлерінде. Мәулен Әшімбаев елді сабырға шақырып, бірер күнде баспаналарына оралатындарын айтқан.  

Мәулен Әшімбаев: Жалпы осы жұмыстар әрі қарай да жалғасатын болады. Біздің партиямыз жалпы қазақстандықтардың тарапынан осындай көмектерді көрсету жұмысына мұрындық болып, әрі қарай біз жұмыстарды ұйымдастырамыз. Алдағы уақытта құрылыс материалдарын жеткізіп беруге, басқа да. 

Дегенмен бейбіт күнде зымыраған оқтың астында қалғандардың үрейі әлі де басым. Өйткені Арысқа оралған жұртты талқандалған есік-терезе, ортасына түскен шатыр шошытып тұр.  

Бағлан Жарылқасынов тіпті жасы үлкен анасы мен алты баласын көпшілікпен бірге үйіне әкелмеді. Себебі сау бөлме жоқ. Жарылыс болғанда бөбегін бесігімен көтере тысқа ұмтылғаны әлі көз алдында.

Бағлан Жарылқасынов, Арыс қаласының тұрғыны:  

  Менің семьям оралған жоқ. Мына үй мынандай жағдайда болып тұр. Бұл жерге келіп тұруға мүмкіндігі жоқ көріп тұрсыздар мынаны. Бұл үйде менің өзімде алты бала-шағам бар, ағамда бес бала-шаға бар,11 бала-шаға тұрамыз. Шешем тұрады. Бәріміз осы үйде тұратын едік. Осындай жағдай боп қалды енді.  

Бұл отбасын қайта, мал қораға түскен снаряд жарылмай Құдай сақтап қалыпты. Түгі қалмай жанып кеткендер де баршылық.  

Айзада Төребекқызы, тілші:

Бұл жер Арыс қаласының орталық Ергөбек көшесі. Жарылыс болған аумақтан шамамен 3 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Соған қарамастан снаряд мұнда дөп түскен секілді. Бірден бір емес үш бірдей үйге от түскен. Тұрғындардың айтуынша бұл жерде құрылыс дүкені және азық-түлік сататын дүкен болған. Жұртшылықтың білуінше отбасы мүшелері де осы жерде тұрған.  

Үй иесімен тілдесудің сәті түсті. Қожайын Ергөбек Мыңбаев баспанасынан бөлек нәпақасын айырып отырған кәсібінен де айрылғанын айтады. Тіпті үш автокөлігі де отқа ораныпты.  

-Мынау Мерседес С класс машинам - 8 млн-ға жақында алған тұғынмын, екі-үш ай болған. Анау ГАЗел машинам, ол да жоқ, жанып кеткен, ағаш таситын...Мынау үйім. -Неше бөлме? - 12 бөлме. 14те 20 тұғын.   

Кәсіпкер Ергөбек Мыңбаев отқа оранған мүлкін 100 млн теңгеге бағалап отыр. Оның қос дүкені, атшаптырым үйі мен тауар толы қоймасы күлге айналғанына іші удай ашиды. Аман қалғанымызға шүкір, дейді бір жағы. Шатырға снаряд құлағанда шетте тұрған көлікке мініп үлгергенін айтады.  

Ергөбек Мыңбаев, Арыс қаласының тұрғыны: 

Артымыздан 200 метрден кейін екінші бомба келіп түскен. -Үйге? -Магазинге түскен. Содан анау атылған, анау атылғаннан кейін төбеде жатқан екінші бомба ол да атылған. Содан қалған жағдай мынау енді.. үйден ештеңе алып үлгере алмадық..сейфтегі ақша бәрі кетті. Дым.. секунд ана жерде әшейін қашып шықтық. Болды, басқа ештеңке.  

Дүйсенбіден өлі тыныштық орнаған Арыс көшелерінде кешелі бері қозғалыс жанданды. Халық тіршілігін қамдай бастады. Елді күмәндандырған экологиялық ахуал да бақылауда. Экологтар ауа мен суда ешқандай зиянды заттардың жоқтығына сенімді.   

Махамбет Жазықбаев «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының директоры:  

Арыс қаласы арқылы өтетін Арыс өзенінің жоғары жағынан және Арыс қаласынан, Шәуілдірден және Сырдария өзеніне құятын жерден төрт точкадан сынамалар алынып, су құрамында үлкен өзгерістің жоқтығын біз толық сеніммен айта аламыз. Тура сол сияқты атмосфералық ауадан алынған сынамаларда шектік мөлшерден аспағандығын көрсетіп отыр. Айтып жатыр жаңағы радиация, болмаса иіс запахтар бар деп, оны біздің приборлармен өзіміз көріп көз жеткізіп отырмыз, ондай ешқандай қауіптің жоқтығын айта аламын.   

Ендігі бір міндет бүлінген үйлерді бүтіндеу. Арыста 7 600 үйдің 85 пайызына түрлі зақым келген. 16 үй тұруға жарамсыз.  

Бейсен Тәжібаев, Түркістан облысы шұғыл штабының мүшесі:  

Әзіргі есеп бойынша 16 үйге жарамсыздық актісі қаралып отыр және тағы да қосымша зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін тағы қосымша нақты айтатын боламыз. Ал ол азаматтарды әзірге басқа тиісті жатақханаларға, тиісті арнайы жайға бөліп, жайғастырып орналастырылып жатыр.  

Жергілікті билік қалаға оралған жұртқа гуцманитарлық көмектен жиналған азық-түліктерді таратып беруде. Арнайы қорға түскен қаржының 1 млрдқа жеткенін жеткізді. Ол да халықтың қажетіне жаратылады. Дей тұрғанмен айдың күннің аманында соғыстың ортасында қалғандай сәтті бастан өткізген халықтың бір ғана тілегі бар.  

Раушан Саргелова, Арыс қаласының тұрғыны: 

Енді біздің астымыздағы снарядтарымызды бәрін алып кетіп босатып берсе екен. Біз де спокойной душой астымызда ештеңе жоқ деп біз де нормально өмір сүре алсақ дұрыс болар еді. 

 Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт»