Русский Сайттың толық нұсқасы

Арыс. Ізгілік. Жылы жүрек.

  • AstanaTV
  • 29 маусым 2019
  • 2901

Атқарушы билікке қарамай, бір-біріне иығын тосатын, бір-біріне қолын созатын, көзден сырғып жас ақса да, болаттай берік ел екеніміз тағы да дәлелденді. Мығым екенбіз. Ықпалды да бола алатынымыз анық. Себебі қоғам дамуы, оянуы күшті. Осы күндері бірлі-жарым «фуу» дейтін оқиға болған шығар. Адамдардың санасы әр түрлі ғой... Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Ұлы Абайдың пәтуасын қоғам дәлелдеді. Жөндеушілерді күтеміз.

Жантүршігерлік жағдайға ешкім немқұрайлы қарамады. Бір күнде үйсіз, құжатсыз қалған, дымсыз қалған халыққа жәрдем берем деген еріктілер көбейді.

«День после взрыва.Арыс» д/ф үзінді. Реж: Қанат Бейсекеев. 

Көлеңкеге отырыңыздар, көлеңкеге. Жігіттер бәрін апарады. Сабыр сақтаймыз, ағайын. Мәне, бәрі кеп жатыр. Аман болады есімі, Аман болады. Біз осы «Арыс ұжымы» деп өзіміз ойлап тауып осы жерде. Осы шаладырды алып, ішін толтырғанбыз. Халықтан келіп жатыр, Атыраудан, Астанадан, жан-жақтан. Халықтар көмектесіп жатыр, жігіттер.

Қалтасы қалың бай болмаса да достарымен ақша жинап «ағайыным» деп келген студенттер де болды. 

#Арысбізбіргеміз деген акцияға мыңдаған адам қатысты. Республика бойынша. Өскемен қаласының тұрғындары заттай көмек көрсету мақсатында сауда үйлеріне арнайы жәшіктер қойды. Ол қала тұрғындары салған түрлі тамақ өнімдері мен киімдерге толтырылды. Жәшікті бай-қуаттылардан бастап, көп балалы аналарға дейін қажет болады-ау деген заттарға толтырды.  

Назгүл Құнапиянова, Өскемен қаласының тұрғыны: 

Балаларға, үлкен кісілерге киім кешек алып келдім. Өзім көп балалы ана болғандықтан балалардың жағдайын көріп анандай... көзіңе жас келеді екен. Соғыс болып жатқан секілді.

Ал Қарағанды облысынан жарылыстан зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуге аттанған ерікті мамандар да болды. Мұндай көмектің аса маңызды екені расында қатты байқалды. Психологтар жетпей жатты.  

Раиса Шер, ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі:

Бір жерде ересектерге психолог жетіспейді, біз осының бәрін Білім министрі мен жергілікті қызметтерге айтамыз. Барлығын бақылап отыру мүмкін емес қой, сондықтан көмектесіп жатырмыз. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін министрлікте арнайы штаб құрылды. Қазір 20 психолог келуі қажет. 

Татьяна Абрамова, ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамы Қарағанды облыстық филиалының директоры:

Психологиялық қолдау өте маңызды. Көмек дер кезінде көрсетілуі керек. Бұл адамдарға қайта өз-өзіне келуіне көмектеседі. Сондықтан біздің білікті мамандар сонда кетті. 

Қызылорда азық-түліктен бөлек, қаланы қалпына келтіру жұмыстарына құрылыс бригадаларын жіберуді бірден ойластырды.  

Ержан Байтілес, «Nur otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары: 

Бұл бір ғана Арыстағы ағайындардын ғана басындағы қасырет емес. Бұл тұтас ұлттың, мемлекеттің, халықтың басындағы қасырет деп білеміз. Қазір біз 15 тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна құрақұмық, гречка жинадық. Одан бөлек 1,5 тонна сүт алынды. Бір түнде ғана жиналған зат. Әлі де біз Қызылорда облысының атынан 5-6 Камаз құрылыс материалдары болсын, қажетті заттың барлығын сондағы ағайынға жеткізіп беруге ниеттеніп отырмыз.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

Үйді бәрін реттейміз, жөндеп береміз. Енді бір ай, екі ай әрине, сіздерге қаржы керек болады өмір сүруге. Сондықтан шотқа бүкіл қазақстандықтар қаржысын салып жатыр. Ол бір тиынына тиіскізбеймін мен бір тиынына. Содан кейін біз қанша түседі, сонша береміз біз. Сонда біз ойлап отырмыз, қазір менің есебім бойынша әр семьяға бөліп береміз, теңдей бөліп береміз. 

Сонымен азық-түлік, киім-кешектен бөлек, арнайы қорға 1 миллиард теңгеден астам ақша түскен. Қоғамның өзі жұдырықтай жұмылды. Иә, қайғылы оқиға болмай тұрып қауіпті қойманы көшіруге қаражат бөле алмаған билік те апаттан кейін халыққа барынша жақын болуға тырысып жатыр. Бірақ қайтыс болған үш азаматтың отбасыларына қалай жауап береді? Жалпы, неге деген сауалдың жауабы берілуі тиіс. Одан бөлек, кез-келген төтенше жағдайға дайын отыру, алғашқы әрекеттер, көшіру - міне, бұл да проблема екені көрінді.   

Отқа май құйып жүргендер болды, ол өзінше бір мәселе. Дегенмен «Азаттықтағы» әріптестердің мына бейнекөрінісі осы сюжетті аяқтайтын деталь сияқты.  

Айдархан, Арыс қаласының тұрғыны: 

 Кеше Шымкентте бір наразылық акциясы болды ғой?!

Сол дұрыс емес. Жақсылықты біле білу керек қой. Күллі Қазақстан жабылып жатқанда... адамдар бізге үй бер дейді. Айналайын-ау үйлерін жөндеп береді ғой. Жөндеп береміз деп отыр. Бұлар... білмеймін ғой неге өйтіп отыр. Тойынғанның бәлесі ме, кесірліктің бәлесі ме, кесапаты ма?! Бекерге халықтар өкпелеп қалды. Жақсылықты білмейтін адамдар екен мыналар деп қалуы да мүмкін да. Дұрыс болмады ол. Қандай алақандарына салып күтті. Барлық облыс көмектесеміз деп отыр ғой.

- Неге бүгін қайтарды деп ойлайсыз?

Бітті ғой, 4 күн болды үйден безіп жүргенімізге бас сауғалап. Үш күн ұрланып келіп кіріп кеттік, қазір балам сол жақта жатыр ертерек баруым керек мен.

Әлішер Өмірзақ "Біздің уақыт"