Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды қаласының орталығындағы қауіпті су көзін жабу мүмкін болмай отыр

  • AstanaTV
  • 02 шілде 2019
  • 3000

Қарағанды қаласының қақ ортасындағы бұлақ улы. Бірақ тұрғындар суды құбырдан гөрі табиғи тіршілік көзінен алғанды жөн санайды. Санитарлар нитраттары шамадан тыс бұлақты жабуды талап еткенімен, оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Бұлақ қаншалықты қауіпті? Айжан Қуаш тарқатады.

Денсаулыққа қауіпті су көзінің бірі - осы, қаладағы Бабушкин көшесіндегі ұңғыма. Санитарлық дәрігерлер судан нитраттардың жоғарғы мөлшерін анықтаған. Мамандардың айтуынша, зиянды заттар адамды түрлі ауруларға душар етеді. Сондықтан, оны ішу қауіпті. 

Айнагүл АНИТОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Ауыз суда нитраттардың болуы жүрек, жүйке жүйесі мен асқазан ауруларына, аллергияға душар етеді. Өйткені, нитраттар ағзада жиналып қалады. Олардың 1 литр судағы мөлшері 45 миллиграммнан аспауы тиіс, ал бұл ұңғымада ол 58- 62 миллиграмға жеткен. Бұл су ішуге жарамсыз деген сөз.

Жергілікті тұрғындар табиғи су көзі сапасыз дегенге сенбейді. Айтуларынша Кеңес заманында қазылған ұңғымадан әлі күнге су тасып ішеді. Жергілікті тұрғындардың пікірінше, бұлақтың суы құбырдағыдан әлдеқайда таза.  

Александр ТУМАШЕВИЧ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Су өте жақсы. Балаларымыз да, өзіміз де, бүкіл отбасымыз осы суды ішеміз. Ішінде қауіпті бірдеңелер бар деп естідік, оған сенбейміз.

Ирина КОЗЛОВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бұдан гөрі құбырдың суы әлдеқайда қауіпті. Хлордың иісі шығып тұрады. Бұл болса жер астында табиғи сүзгіден өтіп, ағып тұрған су. Қаншама адам ішіп отыр.

Ал санитарлық дәрігерлер бұлаққа жауапты «Қарағанды су» серіктестігіне ұңғымаға сүзгі орнатуды, болмаса мүлде жабуды тапсырған. Алайда компания да ескертуді елемей келген. Қазір бұл дау сотқа жетті. «Қараған су» мекемесінің мамандары сұхбат беруге асығар емес. Бірақ, ұңғыманы бітеп тастаса, сол маңдағы үйлерді су басатынын айтты. Қалада мұндай 4 бұлақ көзі бар. Оның үшеуі ішуге жарамды.  

Мадияр ҚОЙТЫСБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұлақтың суы жерден шығып жатқандықтан құбырдікінен таза. Құрамында кальций, натрий бар. Дегенмен, 3 күннен кейін сасып кетеді. Сондықтан таза кезінде ішемін.

Манарбек ҚАБЫКЕНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әрине, бұлақтың суы таза, кранның суына қарағанда. Ауылда өскенбіз, ауылдың суымен бірдей десем артық емес.

Ауылдың суын аңсағанмен бұлақтың суын сақтықпен қолданған жөн,- дейді мамандар. Әсіресе, көктемгі су тасқыны мен жауын - шашын кезінде ауыз суды сүзіп немесе қайнатып ішуге кеңес береді.

А. Қуаш