Өскеменде қызметтік ит қылмыскерді ұстады. Үйді тонауға келген ұры баспана иесін көріп, ізін суытпақшы болыпты. Әйел адам бірден полицейлерге хабарласқан. Жеңіл ақша табуды көздеген азамат көше бойынан табылыпты. Оны лақап аты "Сэм" дейтін полицейлердің қызметтік иті ұстады. Ол бұған дейін де ұрлық пен бұзақылық үшін екі рет сотталған болып шықты. Бұл Сэмнің көмегімен ашылған жиырмасыншы қылмыс. Ол жарты жыл бұрын ғана екі бірдей зорлықшыны да ұстаған. Не бары екі жарым жасар итті полицейлер адал қызметі үшін әскери марапатқа ұсынбақ.
Ермек УӘЛИЕВ, ҚР ҰҰ "ШЫҒЫС" ӘСКЕРИ ҚАМТУ АЙМАҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ВЗВОДЫНЫҢ КОМАНДИРІ :
Күдікті бізден қашқысы келді. Бірақ кинологтың көмегімен ол ұсталған болатын. Фас деген бұйрықты естіген ит ұрлықшыны қуып жетіп, итеріп жіберді. Қызметтік иттер күнде жаттығудан өтіп, көше тәртібін бақылап отырады. Егер мас адамдарды немесе төбелескісі келетін кісілерді көрсе, дереу ұстауға кіріседі.
А. Құрманкин