Русский Сайттың толық нұсқасы

Салғырттық себеп болуы ...мүмкін. Арыстағы жарылысқа кім жауапты?

  • AstanaTV
  • 06 шілде 2019
  • 5051

Сонымен Арыстағы жарылысқа кім жауапты? Лауазымды қызметкерлердің салғырттығы себеп болуы ...мүмкін, дейді, Бас әскери прокуратура. Тексеріс кезінде 100 адамнан сұрау алынған. Дегенмен тергеп-тексеру ұзаққа созылатын сияқты... Ал Түркістан облысының әкімі штабтағыларды сөгіп тастады. Арыстағы аппарат отырысының бейнежазбасымен әкім кеңесшісі Facebook-те бөліскен. Қазір қираған қала 17 секторға бөлінген. Әрқайсысына облыс әкімдерінің орынбасарлары жауап береді. Бірақ Арыстағы жағдай қаралған жиында бұл шенеуніктер бой көрсетпеген. Айтпақшы, Арыстың әкімі Мұрат Болатұлы Қадірбек өткенде әскерилер сияқты: оқ-дәрі сақталған қоймалардың адамдар өміріне қауіпті екенін талай айтып едім, деп жүр ме екен? Данияр Қайыртай жалғастырады.

...Арыстағы апат – жылдар бойы жиналған салғырттықтың, жауапты адамдардың бейқамдығының салдарына көбірек ұқсайды... Өткен аптадағы сюжетті осылай түйіндегенбіз. Ал осы сәрсенбіде Әскери прокуратура өкілі бірнеше нұсқаны атай келе, істің сол «салғырттық» бойынша да тергеліп жатқанын айтты. Қазірдің өзінде 100 адамнан сұрау алыныпты. Әзірге күдіктілер анықталған жоқ. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары екі айға белгіленгенімен, одан ұзаққа созылып кетуі де мүмкін, дейді Еркін Қожа-Ахмет.

Еркін Қожа-Ахмет, ҚР Бас әскери прокурорының аға көмекшісі: 

Өртке қарсы қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, лауазымды тұлғалардың салғырттығы сияқты нұсқалар зерттелуде. Оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың қауіпсіздігін сақтауға бөлінген бюджеттік қаражаттың ұтымды пайдаланылуы, жарылғыш заттардың дұрыс жиналуы тексерілуде. Қоймаларда анықталған бұзушылықтардың уақытылы жойылғаны, ал жоймаған болса, әскери қызметшілердің әрекетсіздігі жайлы іс қаралады.

Ал жапа шеккен арыстықтар айыптыны ғана емес, жауапты ведомствоны тұтастай сотқа бере ала ма? 

Жандос Тұяқов, заңгер: 

Логикалық ойлау арқылы, әрине, Үкіметті жауапкер ретінде тартуға болады деп санауға болады іс жүзінде. Бірақ қолданыстағы заңнама ол объект кімнің балансында, сол жауап береді. Сол себептен, егер де тікелей Үкіметтің немқұрайдылығы дәлелденіп жатса, құжат жүзінде, онда әрине беруге болады.

Мәжіліс депутаттары тек кінәлі деп танылған жеке тұлғаларға қатысты сотқа арыздануға болады, дейді. 

Бақтияр Мәкен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Егер де жеке адам болып шықса, сотқа беру мүмкіндігі бар. Бірақ бұл жерде мәселе сотта емес, қазір болған оқиғаға байланысты тиісті тергеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, мына апаттың қандай мәселелері шешіліп жатыр, ол не себептен болғанын. Сондықтан жауапкершілікке тартылатын азаматтар тартылуы керек.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Жоқ жерден алып, біреуге күйе жаға салуға болмайды ғой. Ол бәрі адамның өмірі. Сондықтан оған кішкене уақыт керек. Айып бар, белгілі, өйткені әр мемлекеттік органның құзырындағы шаруалар қаншалықты атқарылды соны анықтап, нақты адамды табу керек.

Әскери инженерлер қала аумағын түгелдей тінтіп шыққанымен, апат болған маңнан әлі де жарылғыш құрылғылар табылып жатыр.  

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы: 

Снарядтар мен жарықшақтар кез келген жерде жатуы мүмкін. Қала аумағы үлкен. Біз арыстықтарды үйлеріне көшірген кезде арнайы жадынама тараттық. Егер қандай да бір жарылғыш құрылғы көрсе, бізге хабарлассын деп. Содан бері қосымша 300 шақты қоңырау түсті. Мұндай жағдайлар алда әлі бірнеше жыл бойы кездесуі ықтимал. Айталық, жыл сайын ел аумағынан 1000-нан астам оқ-дәрі табылып жатады.

Беккердің ескерткені сол-ақ екен, оқ-дәрілер тағы атылып, өрт шықты. Бұл кеше снаряд қалдықтарын жинау кезінде болған. Қорғаныс министрлігі ешкім зардап шекпегенін мәлімдеді. Сондай-ақ, инженерлік-саперлік жұмыс аяқталмайынша арсенал аумағына жақындауға тыйым салынғанын хабарлады. Ал алдағы екі аптаның ішінде әскери қойма түгелдей Арыстан 60 шақырым жердегі арнайы жабдықталған полигонға көшіріледі. Ол бұрын қару-жарақ жоятын жер болған. 

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі: 

Арсеналды көшіру туралы Қарулы күштер бас қолбасшысының тапсырмасы бар. Екі аптаның ішінде қару-жарақтарды шығара бастаймыз. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қаражат Үкімет резервінен қарастырылады.

Сенаторларға нақтыланған бюджет жобасын ұсынған Қаржы министрі жарылыстың салдарын жоюға 35 миллиардқа жуық қаражат керек екенін айтты. Қалада 7 709 үй қирап, 49-ы тұруға мүлде жарамсыз болып қалған. 66 әлеуметтік нысанды да жөндеу қажет. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі:  

Үкімет резервінен 15,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 10,6 млрд теңге, Самұрық-Қазынадан 6 млрд теңге, демеушілер мен қайырымдылық көмек есебінен 2,5 млрд теңге жоспарланып отыр. Дегенмен барлық тексеру және есептеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін бұл цифрлар өзгеруі мүмкін.

Ал Арыс қаласының әрбір тұрғынына 100 мың теңге өтемақы төленбек. Сондай-ақ, жыл соңына дейін салықтан босатылады. Жергілікті кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейін 1 пайыздық жеңілдетілген несие берілетіні және айтылды. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі: 

Арыс қаласындағы кәсіпкерлерге, олардың саны 3 мыңға жуық. Соларға 5 млн-ға дейін несие беруді 1 процентпен... Ол субсидияланатын несие болады. Банктер береді. Ал «Даму» оны субсидиялайды.

Ал апта басында аппарат жиналысын өткізген Өмірзақ Шөкеев қаланы қалпына келтіруге жауапты аудан мен өңір әкімдерінің орынбасарларын сынға алды. «Мен Арыста бір ай тұрам, сондықтан басқалары да осында тұруы керек» деп салды. Шөкеевтің сөзіне қарағанда, егер өзіне қарасты қызметкерлер жұмысты ұйымдастыра алмаса орнынан айрылады, ал облыс әкімдіктері немқұрайдылық танытса, Премьер-министрге хабар жеткізілмек. Сондай-ақ, ол құрылысқа жауапты 51 шенеуніктің телефон нөмірін қала көшелеріндегі тақталарға жазып қоюды тапсырды. 

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: 

Штаб құрылғанша сол жерде отырасыңдар. Егер де замечание түсетін болса жұмысқа, ауданның әкімі сол жерге отыратын болады, егер де замдарың не могут справиться. Не бұл штаб деген?! Штаб деген дұрыстап бөлме алу керек. 5-6 компьютерді әкелу керек ауданнан. Соны ұйымдастыра алмаймыз, қанша күн болды, соны ұйымдастыра алмаймыз! Не деген не профессионализм, я просто удивляюсь!

Шөкеев шөктірген шығар – ақпарат айдынынан Арыстың өз әкімі көрінбейді. Қала мен оның тұрғындарына тікелей жауапты адам сол емес пе еді!? Әйтпесе, оқыс ойран болғалы барша жұрт өз үнін қосып жатыр. Ал ол өз іргесінде қауіпті қойманың барын білді ме? Білгені анық. Оны аулаққа көшіруге әрекет жасады ма? Үкімет басшысына хат жолдаса болар еді... Сірә, ол қала ішіндегі әскери қоймадан қауіп көрмеген сыңайлы... Арыстағы апат – жылдар бойы жиналған салғырттықтың, жауапты адамдардың бейқамдығының салдарына көбірек ұқсайды... 

Данияр Қайыртай «Біздің уақыт»