Русский Сайттың толық нұсқасы

Қалада қаптаған маса апта соңына дейін біршама азаяды, - С.Байғабылов

  • AstanaTV
  • 09 шілде 2019
  • 2371

Нұр-сұлтанда масалар шабуылы. Қала әкімі жауаптылар істі қолға алмаса, жазалайтынын ескертті. Бас санитар жәндікті улаумен шектелмей, жаңа тәсілдер табуды ескертті. Ал масаға таланған елордалықтардан маза кеткен. Тілші тарқатады.

Елордалық Азамат Мыңайдаров кешкісін балаларын ертіп, серуендеуге шықпайтын болған. 3 ұл-қыздың әкесі жәндіктер инфекциялық ауру тарата ма деп алаңдайды. Далада ойын қуған балаларының үстіне қызыл бөртпелер қаптап кеткен.  

Азамат МЫҢАЙДАРОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Өте көп. Кісілер көп жүрмейді. Шыққанда тез қайтып кетеді. Парктерде тіпті көп масалар. Сеткамен бас киімді киіп жүремін кешке. Сағат 10-ға дейін. Өйткені масалар көзге, құлаққа кіреді. Тамаққа, жұрқыншаққа дейін кіріп кетеді.

Азамат Мыңайдаров қана емес, елордалықтардың көбі масадан мезі болған.  

Ажар ҚАЛИХАНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Байқаймыз, бетін шақса, көзі де, маңдайы да, беті де ісіп кетеді ерніне дейін. Қолын шақса, қолы да ісіп кетеді. Сондай балалар мен өзім медработникпін көптеп келіп жатады.

- Қазір көшеге достарымызбен шығудың өзі қиын болып кетті. Өте көп шағады. Ол аллергия береді. 

- Өте көп, үлкен басқа жақтарға қарағанда. Қолдарымда менің ісіктер болған алдында. Шаққан кезде қатты үлкен ісіктер шығады. Көбінесе жағалау жақта көп болады.

Ал бас санитар Жандарбек Бекшин жаз жаңбырлы болған соң жәндіктер көбейіп кеткен деп отыр. Қала күні қарсаңында жауған нөсер масаға қарсы препараттың күшін жойған. Бас санитар атқарушы билікке дәрі шашумен шектелмей, жаңа тәсілдер іздеу қажеттігін де ескертті.  

Жандарбек БЕКШИН, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Масаға бақылау жасау үшін ешқандай дәрігерлік білімнің қажеті жоқ. Ұшып жатқан нәрсені ешқандай зертханадан өткізбейді. Оны тек дұрыстап, күнделікті улау керек. Сосын удың тиімді түрлерін табу керек.

Маусымы келгенде дәрілеп, қанаттыларды қаладан тазалауға екі жылдан бері әкімдік жауапты. Тұрғындардан толассыз шағым түскенін айтқан Алтай Көлгінов істі уақытында қолға алмағандарды жазалайтынын фейсбукте жазды.   

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Тұрғындар тарапынан масаларды улауға қатысты шағымдар түсуде. Бұған қатысты аудан әкімдері мен тиісті басқармаға шұғыл түрде шара қабылдауды тапсырдым. Тиісті шараны уақытында қолға алмағандарға тәртіптік шара қолданылады.

Жәндіктермен күреске жергілікті бюджеттен 170 млн теңге қарастырылған. Әкімдік өкілдері бұл жетпеген жағдайда қосымша қаржы бөлінетінін жеткізді.  

Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ТАУАРЛАР МЕН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Маусымның 13 күні жаңбырлы болды. 2-ші,4-ші маусымда бұршақ жауып кетті. Сол үшін біз дәрілеу жұмыстарын тоқтаттық. Енді бұл істі қайтадан қолға алып жатырмыз. Масалардың саны жұмаға дейін біршама азаяды.

Дәрігерлер масалардың инфекциялық ауру таратпайтынын айтты.  

А. Бектас