Русский Сайттың толық нұсқасы

Арыстағы қару-жарақ қоймасына өрт қасақана қойылған болуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 10 шілде 2019
  • 1837

Арыстағы қару-жарақ қоймасына өрт қасақана қойылған болуы мүмкін. Бұл туралы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді. Қазір тергеу төтенше жағдайдың себебін анықтауда сан алуан нұсқа қарастырып жатыр. Министрдің мәліметінше, жарылыс кезінде реактивті снарядтар 10-15 шақырымға дейін ұшқан. Бірақ олардың жарылғыштары болмаған көрінеді. Нұрлан Ермекбаев қала тұрғындары оқ-дәрілерді тауып алса, қауіпті жағдай туындауы мүмкін екенін ескертті. Қаланы оқ-дәрілерден тазарту жұмыстары бірнеше айға дейін созылуы ықтимал. Ал жарылыс кесірінен қаза тапқан 2 әскеридің отбасыларына қолдау көрсетілетін болды. Лауазымына байланысты 5 жылдық еңбекақы көлемінде және жеке баспана алу үшін бір реттік төлем беріледі. Өтемақы көлемі әскери қызметші жұмыс істеген өңір мен отбасы мүшелерінің санына байланысты төленеді.

Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ :

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қызметтік міндетін атқаруда мерт болған әскерилердің отбасына бірқатар төлемдер қарастырылған. Сондай-ақ, қаза тапқан әскерилердің балаларын жергілікті әскери органдар бейресми қамқорлыққа алады. Ол біздің тәжірибемізде бар дүние. Олардың оқуында, жұмысқа орналасуында немесе өзге де мәселелерде көмектесуге тырысамыз.

Министрдің ақпараты бойынша қауіп беті қайтпаған. Арыстағы арсеналдың кейбір жерлері әлі күнге дейін бықсып, түтіндеп жатыр. Бұл өңірдегі апатап ыстықпен байланысты көрінеді. 

Н. Біләл