Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттегі газ құю стансасындағы өрт себебі белгілі болды

  • AstanaTV
  • 11 шілде 2019
  • 2783

Шымкентте автоцистерналарды толтыруға арналған газ құю стансасындағы өрт сұйық отынды құю кезіндегі технологиялық процестің бұзылуынан болған. Оқыс жағдайды бір айға жуық зерттеген арнайы топ осындай қорытындыға келді. Комиссия төрағасының айтуынша, сиымдылығы 60 текше метрлік автоцистернадан газ құю кезінде шланг толық бұралмай, ажырап кеткен. Ол кезде екпіні қатты газ 20 жастағы операторды ұшырып жіберген. Арада он секундтай уақыт өтер-өтпестен шланг темірі соғылып ұшқын пайда болып, жарылысқа әкелген. Автоцистерна жүргізушісі қашып үлгергенмен, оператор жалын ортасында қалып қойған. Дәрігерлер үш күн арпалысқанымен 20 жастағы жігіт бақилық болды. Комиссия мүшелері апатқа серіктестік тарапынан жіберілген бірқатар кемшілік себеп деп түйді. 

Сәрсенбай ТЕҢЛЕСБАЙ,  ҚР ИИДМ ИДӨҚ КОМИТЕТІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бригаданың құрамын толық жасақтамаған. Екі адамның орнына бір адамды жұмысқа жіберген, негізі сол. Технологиялық регламент жасалмаған, осы газ толтыру жұмыстарының технологиялары жасалмаған. Ол тех. регламентте барлық тәртібі, қандай қауіпсіздік шаралары бар, қалай істелуі керек бәрі толық жазылуы керек та. Онымен оператор таныстырылуы керек. Соны таныстырып оқыту жағы бұл жерде толық жүргізілмей отыр.

Қайғылы оқиға 7-ші маусымда болды. Денесінің 98 пайызы күйіп қалған марқұм отбасындағы сегіз баланың тұңғышы екен. Ол газ құю стансасында өткен жылдың күзінен жұмыс істеп келген. Зардап шеккен отбасыға берілетін материалдық көмек мөлшері әзірге айтылмады. Ал тексеру тобы шыққан қорытындыны полиция департаментіне жолдайтын болады.

А. Төребекқызы