Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстан облысынан б.з.д. 7-8 ғасырлардағы ежелгі сақ қазынасы табылды

  • AstanaTV
  • 11 шілде 2019
  • 5495

Шығыс Қазақстанда қазба жұмыстары кезінде 500-ден астам алтын әшекей мен қару-жарақ табылды. Археологтар жәдігерлерді бір жарым метр тереңдіктегі қабірден қазып алған. Қазір алтын-әшекейлер сараптамаға жіберілді. Ғалымдар "Бұл қазыналар Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы көшпенді өмірдің қалай пайда болғанын анықтауға көмектесуі мүмкін",- дейді.

Зейнолла САМАШЕВ, Ә.Х.МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: 

Алда үлкен табыстар күтіп отыр. Бірақ та осылардың барлығы, материалдардың, деректердің бәрі жиналғаннан кейін біздің көне және орта ғасыр тарихымызға қосатын үлесі зор болады деп ойлап отырмыз.

Александр ПАДУШКИН, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ (ШЫМКЕНТ):

Бұл аумақ - тарихи, археологиялық һәм мәдени жағынан сондай ерекше. Мұндағы ерте темір ғасырындағы ескерткіштер көшпелі өмірдің бастауын көз алдымызға әкеледі. Дәл осы жерден көшпелі өмірдің қалай басталғандығы және Орта Азия мен Қазақстан аумағында қалай дамығаны туралы жұмбақтың кілтін табуымыз әбден мүмкін.

Қазір осы облыстағы Тарбағатай ауданында 8 археологиялық топ қазба жұмыстарымен айналысып жатыр. Ғалымдар «Елеке сазы» жайлауында 50-ден аса мәйіт жатқанын анықтады. Бұл - ежелгі сақ билеушілерінің мазары осы Тарбағатай таулары болғанын айғақтайды, дейді археологтар. Табылған жәдігерлер келесі жылы Англия мен Түркияда өтетін халықаралық көрмелерге қойылмақ. 

Д. Қайыртай