Автокөлікті техникалық байқаудан өткізу тоқтатылуы мүмкін. Бүгін Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жиынында осындай ұсыныс айтылды. Өйткені көлікті техникалық байқаудан «WhatsApp» арқылы өткізетіндер көбейген. Абай Сейфулла оның қанша тұратынын біліп, тараптар пікірін тыңдап келді.
Көліктің суретіне қарап, техникалық жағдайын айтып беретін «сиқыршылар» интернет ресурстарында көп. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, танымал хабарландыру сайтында шетелдік көліктерді техбайқаудан өткіземіз деген 32 жарнама бар. Заңда автомобиль тіркелген жерінде тексерілу керек десе де, пысықайлар Ресей болса Ресейдің, тіпті Арменияның бірыңғай базасына енгізіп беруге де дайын. Тек ол біздегідей 15 минут емес, бір сағат уақыт алады.
-Техосмотр жасайсыздар ма?
- Иә, жасаймыз.
-Адресі қайда?
-Вы хотели сами проходить, да?
-Өзім бармасам да өткізуге бола ма?
- Да, техпаспорт только нужен. Фотография спереди машины. Ватсапқа жібересіз. Я высылаю на станцию. Они в базу вносят. Диагностическую карту высылают. Болды. Это занимает 15 минут.
-Бағасы?
- 5000 теңге.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Адалдық алаңы» жобалық офистері осылай мәні қашқан техбайқауды уақытша тоқтата тұруды ұсынып отыр. Тәртіпсіздіктің жолын кесер заң дайындалғанша тек қоғамдық және мемлекет балансындағы көліктерге ғана тексеруді міндеттеген дұрыс дейді. Енді осы ұсыныс қоғам талқысына салынбақ.
Мирас ҚАРҒАБАЙ, «АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Қазіргі таңдағы автокөліктердің техосмотрдан өту форматы өзін ақтамайды деп санаймыз. Сондықтан форматын өзгерту бойынша ұсыныс жасап жатырмыз.
Алайда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы техбайқаудан бас тартуға қарсы. Өйткені ол - аталған саладағы компаниялардың бизнесіне кедергі.
Нұржан БУКИН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Біріншіден - жол қозғалысының қауіпсіздігі маңызды. Екіншіден - қызметін дұрыс атқармаған жекелеген адамдар кесірінен адал еңбек жолындағы кәсіпкерлер зардап шегеді. Бұл қызметке ақша салған, қымбат құрылғылар сатып алған ірілі, ұсақты компаниялар бар. Олар ғимаратты жалға алады, жұмыс орындарын ашып отыр.
Шымкенттегі техбайқау орталықтарының біріндегі сарапшы Әбдіжаппар Байболов Қазақстанға шеттен келетін көліктердің көбі ескі, сондықтан жиі тексерілмесе қауіп жоғары дейді. Күніне 20-сының төртеуі байқаудан өтпей қалады. Ал олар көлігін жөндеп қайта келмейді, картаны заңсыз жазып беретіндерді тауып алатын көрінеді.
Әбдіжаппар БАЙБОЛОВ, ТЕХНИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА САРАПШЫСЫ:
Бізде шығарып жіберсең, бәрібір барады да солардан өтеді. Солардан өтеді де жүре береді. Көбісін құртып жатқан солар ғой. Бізге келеді, былтыр мынадай жерден өткен едім, биыл барсам жоқ, базадан тексеріп беріңізші деп. Оператор тексерсе базадан шықпайды.
Жемқорлықпен күрес агенттігі өкілдері мұндай жағдайда кедендік одақққа кіретін елдердің техникалық базаларын біріктіру керек деп есептейді. Әйтпегенде сыртын қарап баға беретіндер мен сынған көлікпен шаба беретіндер тыйылмайды.
А. Сейфулла