Электр қуатының тарифі шарықтап барады. Ақтөбелік кәсіпкерлер «Экотон» зауытына барған депутаттардан бағаны реттеуге көмектесуді сұрады. Бұдан бөлек, мұндағы жол сапасы да сын көтермейді. Қазір ел аралап жүрген мәжілісмендер халықтың базынасын тыңдап, кәсіпорындар мәселесін көтерді.
Елордадағы бұл зауыт жылына 210 мың текше метр газ блогын шығарады. Кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істейді. Ал жарықтың түнгі уақыттағы тариф құны жақында бірнеше есеге өскен. Енді олар еселеп төлем жасауға мәжбүр. Жағдаймен танысқан «Nur Otan» фракциясының мүшелері мұндағы жол сапасын да сынға алды.
Мұхтар ЕРМАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жол мәз емес. Осындай заманауи өндіріске келемін дегенше біраз шаңды бұрқыратып келуге мәжбүр болады. Жол қаланың құзіретінде. Осы мәселені біз қаладағы әріптестерімізбен ақылдасатын боламыз.
Халық қалаулылары аймақтың ахуалымен танысу үшін Ақтөбеге де барды. Өңірдің бес бірдей ауданында болып, Қазақстан мұнай жабдықтары зауытын аралаған. Кәсіпорын елден бөлек, Ресей, Қытай нарығын өз өнімдерімен қамтып отыр.
Азамат АЛШЫНБАЕВ, «ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙ ЖАБДЫҚТАРЫ ЗАУЫТЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Проект бойынша орташа көлем осы бірінші цехтың 50 мың тонна жылына қазіргі кезде осы бірінші цех отыз пайызға жұмыспен қамтылған. Екінші цех биыл ОГЗУ деген установкаға заказ бар. Оны екінші цех жасап жатыр.
Ал Тобыл өңіріндегі тұрғындар бюджеттік қызметкерлер жалақысын көтеріп, қолжетімді басапана беруді сұрайды. «Nur Otan» фракциясының мүшелері халықтың ұсынысын бірлесіп, талқыға салды. «Нұрлы жер» бағдарламасы басталғалы Қостанайда 800-ге жуық жас маман үйлі болған. Биыл тағы 1500 пәтер қолданысқа берілмек.
Ирина АРОНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Алдағы 2020-2021 жылдарға келер болсақ биыл жетіспей қалған сомманы міндетті түрде ескеріп, есепке алуға мүмкіндік береді. Яғни қосымша қаражат қарастыру арқылы бұған дейін жалақысы көтерілмеген көпшілікке және өзге де категорияларға төленетін болады.
Қостанайда «7-20-25» бағдарламасымен 412 адам үйлі болған. Ал білім саласы қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға ел қазынасынан 5,6 млрд трансферттік қаржы бөлінді. Депутаттар әлі бірқатар аймақты аралап, тұрғындармен кездеседі. Айтылған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, заңнамаға өзгерістер енгізбек.