Елордада Пара Пауэрлифитингтен әлем чемпионаты басталды. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ұйымдастырылып отырған дүбірлі додаға 76 елден 500-ге жуық спортшы қатысады. Чемпионат 12-сі мен 20-шы шілде аралығында өтеді. Аталған жарыста 2020 жылы Токиода өтетін Параолимпиада ойындарына жолдамалар сарапқа салынады. Қазақстан пара пауэрлифтингтен әлем чемпионатын өз тарихында алғаш рет қабылдап отыр. Еліміздің құрамасы әрбір салмақ санатында бақ сынайды. Ұлттық құрама сапында Паралимпиада ойындарының жүлдегерлерімен қатар үлкен спортқа енді келгендер де бар.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
Біздің елде мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына барынша жағдай жасалып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен тұңғыш Параалимпиадалық жаттығу орталығы ашылған болатын. Жазғы және қысқы паралимпиадалық спорт түрлерінен спорттық резервтегі ұлттық құраманың мүшелері сындарлы сайыстарға осы орталықта дайындалып жүр. Жалпы елімізде пара пауэрлифтингпен 600-ден астам адам айналысады.
Н. Біләл