Үкімет «еститін мемлекетке» айналуы тиіс. Үкіметтің кеңейтілген отырысын алғаш рет өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Яғни халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде естіп, кері байланыс орнату қажет. «Шенеуніктердің әлеуметтік желіде белсенді болуы - интернет дәуірінде - міндет» деді мемлекет басшысы. Данияр Қайыртай толықтырады.
- Эта акция носит разовый, единовременный характер. Дальше мы увлекаться подобного рода мерами не сможем, не имеем право.
Көмекке мұқтаж халықтың қарызын өтеп, айыппұлдары мен өсімпұлдарын кешіруге байланысты жұмыстар осы айдың соңы мен келесі айдың басына дейін аяқталады. Ал тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған барлық мемлекеттік бағдарламалар біркелкі жүйеге келтіріледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты министрлікке қыркүйектің біріне дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ал Үкімет осы жылдың аяғына дейін білім мен ғылымды дамытуға арналған бағдарламаны бекітпек.
Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Үш ауысымды мектептердің мәселесі біржолата шешіледі. 500 мектеп салынады. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 3 мың балабақша ашылады. Ал 2021 жылы елдегі мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары толығымен жаңа білім беру бағдарламасына көшеді.
Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы тапсырма берді. Айтуынша, вице-министр дәрежесіндегі кейбір ақжағалылардың қызметін сақтай отырып, ел қаржысына шетелде оқып келуі - құр сандырақ. Сондай-ақ, ол жұмыссыздық деңгейін төмендетуге арналған «Еңбек» бағдарламасын тиімсіз деді. Елдегі тұрақтылық пен экономика осыған байланысты. Сондықтан үкімет мүшелері мен әкімдердің қызметі халықты жұмыспен қамту деңгейіне қарай бағаланатынын айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Еңбек» бағдарламасының тетіктері өзін-өзі ақтамайды. Динамика жоқ. Жұмыссыздық деңгейі өзгерер емес. Бұған жіті көңіл бөлуіміз қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев ақша табу көзіне айналып кеткен кейбір мемлекеттік бағдарламаларды жабу керектігін айтты. Бюджетті талан-таражға салатындарға қатысты жауапкершілікті күшейту керек деді. Ал инвестиция тартуға жауапты шенділерге Сингапур саясаткері Ли Куан Юдің кітабын оқуға кеңес берді. Ал бизнестің дамуына кедергі келтіретін қызметкерлер - түрмеге қамалуға тиіс деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ұлттық буржуазияны жан-жақты қолдау керек. Ал түрлі тексерістермен, парамен, рейдерлікпен бөгет жасайтындар жазалануға тиіс. Осыған орай министрлер кабинеті тиісті заңнамаға қатаң шаралар енгізуі қажет.
Мемлекет басшысы жер шетелдіктерге сатылмайды деп кесіп айтты. Ал Жер кодексіне жарияланған мораторий аяқталғанша ауыл шаруашылығына арналған жерді пайдалануға қатысты нақты шешімге келуді тапсырды. Парламенттің, партиялар мен қоғамның пікірі ескерілуін міндеттеді.
Данияр Қайыртай, ТІЛШІ:
Елордадағы мына жеңіл рельсті көлік жолы салынып бітеді. Президент Үкімет пен әкімдікке құрылысты тезірек жандандыруға тапсырма берді. Бірақ жобаны ұсынған адамдар қадағалаушы органдардың алдында жауап беруі керек. Осылай деген президент өзін-өзі ақтай алмайтын бұл жоба мемлекетке жүк болғалы тұрғанын да ескертті.
Д. Қайыртай