Қазақстанда суға шомылу маусымы басталғалы 150-ден астам адам қаза тапты. Оның 58-і бала, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар комитеті. Оған себеп: аптаған ыстықтан қашқан ел тұрғындарының мас күйінде суға түсуі, кәмілеттік жасқа толмаған балаларын қараусыз қалдыруы, дейді Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер. Ыстықтан биыл өткен жылмен салыстырғанда қаза тапқандар саны жоғары. Мәселен өткен аптаның өзінде 61 адам ажал құшты. Оның үштен бірі балалар.
Владимир БЕККЕР, ҚР ІІМ ТЖ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Ақмола облысындағы жағдай адам шошытады. Онда бір апта ішінде 11 адам қаза тапты, оның үшеуі балалар. Алматы облысында -5 адам, үшеуі бала, Атырау облысында 4-еу, Жамбыл облысында - 2 ересек, 3 бала, Павлодар облысында - 5 ересек, 3 бала.
Павлодар облысында суға кеткен 2004 және 2008 жылы туған ағалы-інілі екі баланың денесі әлі табылмаған. 3 күннен бері іздеу жұмыстарын жүргізіп жатқан сүңгуірлер барлық аумақты шолып таппағандарын айтады. Оқиға Ақсу қаласында болған. Ата-анасымен бірге Ертіс өзенінің жағалауына демалысқа барған балалардың бірінің аяғы тайып өзенге құлаған. Оны құтқармақ болған ағасы да сол жерде суға батып кетіпті.
Серік ШЕРИЯЗДАНОВ, ТЖД ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Әсіресе, қатты ағын судың астында іздеу жұмыстарын қиындатады. Негізгі критерий бойынша бізде 3 күн сүңгуір жұмыстары жүргізіледі. Одан кейінгі 7 күн судың бетімен құтқарушылар іздеу жұмыстарын жүргізіледі.